[1] Сол шамада Аммон халқының патшасы Нахаш соғысқа аттанып, Исраилдің Ғалақад аймағындағы Ябес қаласына қарсы әскерін орналастырды. Қала тұрғындары оған: — Бізбен бітім жасасыңыз, сонда сіздің билігіңізге мойынсұнамыз, — деген өтініш жасады.
[2] Ал Нахаш: — Жарайды, бітім жасасайық. Тек бір шартым бар: әрқайсыларыңның оң көздеріңді ойып аламын. Осылай бүкіл Исраилді масқараламақпын, — деп жауап берді.
[3] Сонда Ябес қаласының басшылары: — Бізге Исраилдің барлық жеріне хабаршыларымызды жіберуге жеті күнге мұрсат беріңіз. Егер бізді құтқаратын ешкім табылмаса, онда алдыңыздан шығамыз, — деді.
[4] Хабаршылар Саул тұратын Гибея қаласына да келіп, осы жайтты күллі халыққа айтып берді. Сонда барлығы да дауыстап жылай бастады.
[5] Осы кезде Саул өгіздерін айдап, егін даласынан келе жатқан еді. Ол: «Мына халыққа осыншама еңіреп жылайтындай не болған?» — деп сұрады. Жұрт оған ябестіктердің хабарын жеткізді.
[6] Саул бұл сөздерді естігенде Құдайдың Рухы оған қонып, бойын қатты ашу кернеді.
[7] Ол бір пар өгізді сойып, шауып бөлшектеді. Олардың бөліктерін хабаршыларға үлестіріп берді. Соларды Исраилдің шет-шетіне жұмсап, оларға мына хабарды жар салып жеткізуге бұйырды: «Кімде-кім Саул мен Самуилдің соңынан еріп аттанбаса, соның өгіздерімен де дәл осылай болады!» Сонда Жаратқан Иенің жіберген қорқынышы бүкіл халықты билеп, барлығы бір адамдай жорыққа аттанды.
[8] Саул оларды Безек деген жерде жинап, түгендеп санап шықты. Исраилдің басқа руларынан үш жүз мың, ал Яһуда руынан отыз мың адамның шыққаны белгілі болды.
[9] Олар Ғилақадтағы Ябестің халқына келген хабаршылары арқылы: «Ертең күн қыза құтқарыласыңдар!» — деген сәлем жіберді. Хабаршылардың осы сөздерін естіген қала тұрғындары қатты қуанып,
[10] аммондықтарға: «Ертең алдыңыздан шығамыз, сонда бізге дұрыс деп тапқандарыңызды істерсіздер», — деген хабар жолдады.
[11] Келесі күні Саул жасақшыларын үш топқа бөлді. Таң ата олар аммондық әскердің орналасқан жеріне кенеттен лап қойып, күн қызғанша олардың күл-талқанын шығарды. Тірі қалғандары бас сауғалап, бір-бірден бытырап қашып кетті.
[12] Содан соң халық Самуилге: — «Бізге патша болатын Саул ма?» деген адамдар қайда? Оларды қолымызға табыстаңыз, көздерін құртайық! — деді.
[13] Бірақ Саул: — Бүгін ешкімді өлтіруге болмайды, себебі осы күні Жаратқан Ие Исраилді құтқарды ғой! — деп қарсы болды.
[14] Ал Самуил халыққа былай деп үндеу салды: «Ғылғалға барып, жаңа патшаны қайтадан бекітейік!»
[15] Барлығы Ғылғалға барып, сол жерде Жаратқан Иенің алдында Саулды патша етіп бекітті. Олар Жаратқан Иеге арнап ризашылық құрбандықтарын ұсынып, Саул мен барлық исраилдіктер үлкен той жасады.