[1] Жасөспірім Самуил Елидің қарамағында Жаратқан Иеге қызмет етіп жүрді. Сол заманда Жаратқан Иенің адамдарға сөзін арнап, аян беруі өте сирек болатын.
[2] Елидің көздері мүлдем дерлік көрмей қалған еді. Бірде ол өзінің үйреншікті орнында жатты.
[3] Бұл Құдайдың шам қойғышының жеті шамы әлі де жанып тұрған кез еді. Құдайдың Келісім сандығы орналасқан Жаратқан Иенің ғибадатханасында Самуил де тынығып жатты.
[4] Сонда Жаратқан Ие Самуилдің атын атап шақырды. Ол: «Тыңдап тұрмын», — деді де,
[5] Елиге жүгіріп барып: — Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады. Ели оған: — Жоқ, сені шақырған жоқпын, орныңа барып, жата ғой, — деп жауап қайырды. Самуил солай істеді.
[6] Жаратқан Ие қайтадан: «Самуил!» — деп шақырғанда, бала тағы да орнынан тұрып, Елиге барып: — Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады. Бірақ ол: — Жоқ, шақырған жоқпын, балам, орныңа барып, жата бер, — деді.
[7] Бұған дейін Жаратқан Ие өзіне аян беріп, сөзін арнамағандықтан, Самуил Оның даусын танымайтын еді.
[8] Жаратқан Ие Самуилді үшінші рет шақырды. Бала тағы да орнынан тұрып, Елиге келіп: — Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады. Сол кезде Ели баланы шақырып жатқан Жаратқан Иенің Өзі екенін түсініп,
[9] оған: — Бар да жат. Егер сені қайтадан шақырса, онда: «Уа, Ием, айта гөр, пендең тыңдап тұр» деп жауап бер, — деді. Самуил төсегіне барып жатты.
[10] Бұдан кейін Жаратқан Ие тағы да оның қасына келіп, бұрынғыша: — Самуил, Самуил! — деп шақырды. Бала: — Айта гөр, пендең тыңдап тұр, — деп жауап берді.
[11] Сонда Құдай Самуилге мынаны айтты: — Мен Исраилде естіген адамды қатты абыржытатын бір нәрсе істемекпін!
[12] Сол күні Мен Елидің отбасы туралы айтқан сөздерімді басынан аяғына дейін жүзеге асырамын.
[13] Ұлдарының зұлымдығы үшін оларды біржолата жазалайтынымды Елиге хабарлағанмын. Ол ұлдарының Құдайды қорлағандарын біліп жүрсе де, оларды жүгендеп, тоқтатқан емес.
[14] Сол себепті Мен: Елидің отбасы өз кінәсінің зардабынан ешқашан не құрбандық, не басқа да сый-тарту арқылы арыла алмайды деп ант еттім.
[15] Бұдан соң Самуил қайтадан орнына барып жатты. Ертеңгісін ол әдеттегідей Жаратқан Иенің киелі үйінің есіктерін ашты. Ал Құдайдың аян еткен сөздерін Елиге айтып беруге дәті бармады.
[16] Бірақ Ели оны: — Самуил, балам, — деп, қасына шақырып алды. — Құлағым сізде, ата, — деп жауап берді ол.
[17] Ели: — Құдай саған не деді? Оны менен жасырма. Егер де Құдайдың өзіңе білдіргендерін түгелдей айтпай, бір нәрсесін жасырып қалсаң, Ол сені жазалаған үстіне жазалай бермек, — деді.
[18] Сонда Самуил ештеңені бүкпестен бәрін айтып берді. Ели: — Ол Жаратқан Ие ғой, Оның әділ еркі орындалсын, — деді.
[19] Ал Самуил есейіп, өсе берді. Жаратқан Иенің Өзі жар болып, оған алдын ала хабарлап айтқан сөздерінің бәрі де жүзеге асып отырды.
[20] Содан солтүстіктегі Дан мен оңтүстіктегі Бер-Шебаның аралығында тұрып жатқан бүкіл Исраил халқы Самуилдің Жаратқан Иенің пайғамбары болуға тағайындалғандығына көз жеткізді.
[21] Жаратқан Ие Самуилге сөзін арнап, Өзінің кім екенін ашқан Шилода оған аян беруін жалғастыра берді.