Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:24

[1] Араларыңдағы қауым жетекшілері! Мен өзім де сендермен қызметтес қауым жетекшісімін, Мәсіхтің шеккен азаптарының куәсімін. Ол қайта оралғанда ашық көрінетін салтанатты ұлылығын бөлісетін де боламын. Сендерге ескертетінім мынау:

[2] Құдайдың өздеріңе сеніп тапсырған рухани «отарын» (яғни қауымын) қамқорлап бағыңдар! Мұны лажсыздан емес, шын көңілден, Құдайдың еркіне сай орындаңдар. Оны ашкөз пайдақорлықпен де емес, адал ынта-жігермен істеңдер.

[3] Тәңір Иенің меншікті қауымдарына өктемдік жүргізбеңдер, қайта, рухани «отарға» үлгі-өнеге болыңдар!

[4] Осылай істесеңдер, «Бас Бағушымыз» (Мәсіх) қайтып келіп, анық көрінгенде, ешқашан солмайтын «салтанат тәжін» жүлде ретінде Оның қолынан аласыңдар.

[5] Сол сияқты, сендер де, жастар, жетекшілерге мойынсұныңдар! Бәрің де арақатынастарыңда әрдайым кішіпейілділік танытыңдар! Себебі «Құдай тәкаппарларға қарсылық жасайды, ал кішіпейілдерге рақымын сыйлайды».

[6] Сонымен, Құдайдың құдіретті қолының астына бой ұсыныңдар; Өзі белгілеген уақыты жеткенде Ол сендерді жоғарылатпақ.

[7] Барлық уайымдарыңды Құдайға сеніп тапсырыңдар, себебі Ол қамдарыңды ойлайды!

[8] Салауатты да сергек болыңдар! Сендердің қас жауларың, шайтан, ақырған арыстандай қауымды айнала шарлап, кімді жалмасам деп торуылдап жүр.

[9] Сенімдеріңе берік болып, оған төтеп беріңдер! Дүниенің төрт бұрышындағы құрбы қауымдастарыңның да дәл сондай азаптарды шегуге мәжбүр екенін білесіңдер ғой.

[10] Ал барлық рақымның бастауы, Құдай, біразырақ уақыт азап шегіп жатқан сендерді қайтадан жетілдіріп, нығайтып, қуатты да табанды етпек. Себебі Ол Мәсіх Иса арқылы сендерді Өзінің салтанатты ұлылығын мәңгі бөлісуге шақырды.

[11] Оның билігі мәңгілік бола берсін! Аумин.

[12] Мен бұл қысқа сәлемхатымды адал бауырласымыз деп сенетін Сыйласқа жаздырдым. Сендерді жігерлендіріп, Құдайдың шынайы рақымы осы айтқандарымдай екеніне куәлік етіп сендіргім келеді. Бұл рақымды қабылдай беріңдер!

[13] Құдай сендерді таңдағаны сияқты, Бабылда бірге таңдап алған сенушілер қауымы, сондай-ақ менің рухани ұлым Марқа да сендерге сәлем жолдауда.

[14] Сүйіспеншіліктеріңді білдіріп, бір-біріңмен амандасып, сәлемімізді жеткізіңдер. Мәсіх Иса Өзімен тығыз байланыстағы сендердің бәріңе амандық пен тыныштық сыйлай берсін! (Аумин.)

Петірдің 1 — Chapters