[1] Сондықтан барлық жамандық атаулыдан арылып, бұдан былай алдамшы, екі жүзді, күншіл немесе басқаны қаралаушы болмаңдар!
[2] Жаңа туған сәбидің сүтке шөліркегеніндей, әрдайым Құдай сөзінің «таза сүтіне» құштар болыңдар. Содан нәр алғанда рухани өсіп, күнәнің құлдығынан толығырақ құтқарыла аласыңдар.
[3] Себебі «Иеміздің қандай ізгі екенін» өздерің біліп алдыңдар.
[4] Иеміз Мәсіх — адамдар «менсінбей бас тартқан», бірақ Құдай бағалы деп таңдаған «тірі Тас» іспетті. Оған келген
[5] сендер де рухани үйге (яғни қауымға) қаланған тірі тастар сияқтысыңдар. Сендер Иса Мәсіхке бола Құдайға ұнамды рухани сый-тартулар ұсынып, Оған бағышталған қасиетті қызмет атқарудасыңдар.
[6] Себебі Киелі жазбада Құдайдың мына сөзі де бар: «Міне, Мен аса құнды «Тасты» таңдап алдым, Оны Сиондағы үйімнің бұрышының Іргетасы ретінде орнатып қоямын. Енді Оған сенімін артқан әркім Ұятқа қалмайтын болады әрдайым».
[7] Сенетін сендер үшін осы «Тас» (Иса Мәсіх) ерекше қымбат. Ал сенбейтіндерге байланысты мынадай сөздер жазылған: «Құрылысшылар менсінбеген «Тас» енді үйдің басты іргетасына айналды!» Ол «адамдарды сүріндіретін кедергі тас, құлататын жартас сияқты».
[8] Олар Мәсіх туралы хабарға мойынсұнбағандықтан «сүрініп, құлап», теріс жолға түсіп кетеді. Олардың ақырының осылай болатыны алдын ала белгілі еді.
[9] Ал сендер өздеріңді қара түнектен тамаша нұрына шақырған Құдайдың қасиеттілігі мен ұлы істерін мадақтап жариялауға таңдалған нәсілсіңдер. Патшаның діни қызметкерлері, Оған бағышталған қасиетті ұлт — Құдайдың меншікті халқы болдыңдар!
[10] Бір кезде біртұтас халық емес едіңдер, ал қазір Құдайдың халқысыңдар. Бір кезде Оның қайырымдылығын білмеген едіңдер, ал қазір қайырымына бөлендіңдер.
[11] Сүйікті бауырластарым, (осы күнәкар дүниеде) жат жерлік адамсыңдар, сондықтан сендерге ескертемін: өз жандарыңа ұдайы қарсы шығатын арам құмарлықтардан бас тартыңдар!
[12] Құдайға мойынсұнбайтын халықтар арасында адал өмір сүріңдер! Олар сендерді жамандық жасаушылар деп айыптайды. Алайда Құдай бізді құтқаруға келген күні олар өз көздерімен көріп жүрген игі істеріңе бола Оны мадақтайтын болады.
[13] Сонымен, сендер Жаратқан Иенің меншігі болғандықтан, Ол тағайындаған әрбір билік иесіне мойынсұныңдар! Елдің басшысы ретінде патшасына бой ұсыныңдар,
[14] патшаның жамандық жасағандарды жазалап, жақсылық істегендерді мақтауға бекітіп жіберген әкімдеріне де бағыныңдар!
[15] Құдай сендердің игілік істеулерің арқылы ақымақ адамдардың (сенушілер туралы) надан әңгімелерін тойтаруларыңды қалайды.
[16] Рухани азатсыңдар, соған сай өмір сүріңдер! Дегенмен осы азаттықты жамандық жасауға сылтау ретінде пайдаланбаңдар! Қайта, Құдайдың адал қызметшілері болып өмір кешіңдер!
[17] Әркімге лайықты құрмет көрсетіңдер: сенімі бір бауырластарыңды сүйіңдер; Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтынды істеуден шошыныңдар; патшаны қадірлеңдер!
[18] Сендер, басыбайлы қызметшілер, қожайындарыңа мойынсұныңдар; тек мейірімді де ақпейіл болғандарға ғана емес, сондай-ақ, өздеріңді жәбірлеп жүргендерге де толық құрмет көрсетіңдер!
[19] Кейбіреулерің әділетсіз қиналғанда, Құдайдың еркінің солай екенін білгендіктен азапқа төзе берсеңдер, Ол соған риза.
[20] Бірақ егер жасаған жамандықтарыңа лайықты соққыға шыдасаңдар, оның несі мақтарлық? Ал жақсылық жасай тұра азап шегіп, соған шыдасаңдар, бұл Құдайға ұнайды.
[21] Ол сендерді сол үшін де шақырды. Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек.
[22] «Ол ешқандай күнә жасаған да емес, аузынан бірде-бір өтірік шыққан да емес».
[23] Мәсіх Өзіне тіл тигізгендерге жаман сөз қайырмады, азап көрген кезде де оларды қорқытпады. Қайта, Ол ісін әділ Соттаушыға тапсырды.
[24] Біз күнәнің құлдығынан босатылып, әділ өмір сүре алуымыз үшін Мәсіх айқыш ағашта күнәларымыздың айыбын өз денесінде көтеріп тұрды. Осылай Оның жаралары арқылы (рухани дертімізден) сауықтық.
[25] Өз бетімен жүріп, адасып кеткен қой сияқты едіңдер, ал қазір өздеріңді бағып жетелеп, жандарыңды қорғап жүретін «Бағушыларыңа» қайта оралдыңдар.