[1] Сонымен, Мәсіхтің Өзі тәнімен азап шеккендіктен, сендер де (жақсылық үшін азап шегуге дайын) болыңдар! Осындай ой-ниет өздеріңді қорғайтын қалқан іспетті. Тәні азап шегіп жатқан сенуші күнәлі құмарлықтарына берілмейді.
[2] Бұдан былай осы дүниедегі өміріңнің қалған кезеңін ескі күнәкар болмыстарыңның құмарлықтарына сай емес, Құдайдың еркіне мойынсұнып өткізулерің керек.
[3] Өткен кезде сендер ұзақ уақыттарыңды Оған мойынсұнбайтындарға ұнайтынды жасап өткіздіңдер: өмірлерің жүгенсіздік, нәпсіқұмарлық, маскүнемдік, ырду-дырду ойын-сауықтар, мас жын-ойнақтармен және Құдайға жек көрінішті жалған тәңірлерге құлшылық етумен өтіп келді.
[4] Бұрынғы серіктерің өздерінің иіріп, тартып әкететін азғын өмір салттарына енді батпағандықтарыңа таңғалып, налып, сендерді жамандайды.
[5] Қиямет сотында олар тірілер мен өлілерге үкім шығаруға дайын тұрған Иемізге есеп бермек.
[6] Ізгі хабардың кейін өлген сенушілерге де уағыздалғандығының себебі мынау: Тәңір Ие адамзатқа күнәкарлығы үшін ажалды етіп үкім шығарғандықтан, сол сенушілердің де тәндері өлді. Бірақ жандары Құдайдың еркі бойынша мәңгі тірі болмақ.
[7] Күллі дүние атаулының ақыры таяп келеді. Сондықтан сиынып дұға ете алу үшін байсалды да салауатты болыңдар!
[8] Ең бастысы, бір-біріңді шынайы сүйіңдер, сондай сүйіспеншілік адамдардың көптеген күнәларын кешіреді.
[9] Ешбір наразылықсыз өзара қонақжай болыңдар.
[10] Тәңір Ие рақым етіп сыйлаған алуан түрлі рухани дарындарыңды жақсылап қолданыңдар. Әрқайсыларың қабылдаған дарындарыңмен бір-біріңе адал қызмет етіңдер:
[11] уағыз айтатындарың Құдай сөзін уағыздай беріңдер; қызмет көрсететіндерің Тәңір Иенің өздеріңе берген күш-қуатымен қызмет ете беріңдер! Осылайша барлық істе де Құдай Иса Мәсіх арқылы мадақталсын. Ұлылық, даңқ және билік мәңгі Онікі! Аумин.
[12] Қымбатты бауырластарым, өздеріңнің «от кешіп» ауыр азап шегіп, сыналғандарыңды оғаш нәрсе деп ойламаңдар.
[13] Қайта, неғұрлым көбірек Мәсіх секілді азап шексеңдер, соғұрлым көбірек қуаныңдар. Сонда Мәсіх салтанатты ұлылықпен қайта оралып, ашық көрінген кезде де шаттанып қуанатын боласыңдар.
[14] Мәсіхтің атына бола қорлық көрсеңдер, бақыттысыңдар, себебі ұлылыққа бөлейтін Құдайдың Рухы сендерге орнығады.
[15] Алайда егер қайсыбіреулерің азап шексеңдер, бұл, әрине, кісі өлтіріп, ұрлық не өзге қылмыс жасаудың немесе басқаның шаруасына қол сұғудың зардабы болмауға тиіс!
[16] Ал мәсіхші болғандарыңа бола жәбірленсеңдер, одан ұялмаңдар, керісінше, Мәсіхтің атымен аталғандарың үшін Құдайды мадақтаңдар.
[17] Осылай Тәңір Иенің ең алдымен өз халқын соттай бастайтын уақыты келді. Ал сот бізден басталса, онда Құдайдың Ізгі хабарына бағынбайтындардың ақыры қандай болмақ!
[18] Әділ жанның өзі зорға құтқарылғанда, арамза, күнәлі адаммен не болмақ?!
[19] Сонымен, Құдайдың еркі бойынша азап шегіп жүрген сендер, жандарыңды әрдайым уәдесін орындайтын Жаратушыға сеніп тапсырыңдар, әрі игі істер жасай беріңдер!