[1] Сүйікті бауырларым, кез келген рухтарға сене бермеңдер, олар Құдайдан келген бе, жоқ па — алдымен соны анықтаңдар! Өйткені көптеген жалған пайғамбарлар жер жүзіне тарады.
[2] Құдайдың Рухын мынаған қарап ажырата білесіңдер: Құдайдан шыққан Киелі Рух Иса Мәсіхтің адам бейнесінде көктен келгенін мойындайды.
[3] Ал Иса Мәсіхтің адам болып келгенін мойындамайтын әрбір рух Құдайдан емес, керісінше, ол — Мәсіхке қарсы шығушының рухы. Сендер соның келетінін естідіңдер, ол қазірдің өзінде-ақ дүниеде жүр.
[4] Ал, балаларым менің, сендер Құдайдансыңдар, жалған пайғамбарларды жеңіп шықтыңдар. Өйткені сендердегі Киелі Рух күнәкар дүниені билеп тұрған шайтаннан құдіретті.
[5] Жалған пайғамбарлар осы күнәкар дүниеден болғандықтан осы дүниелік тұрғыдан сөйлейді, әрі осы дүниенің адамдары оларға ден қояды.
[6] Біз Құдайданбыз; Оны танитындар бізге құлақ салады, ал Құдайдан еместер бізге құлақ салмайды. Шындықты сөйлейтін Рух пен алдамшы рухты осы арқылы ажырата аламыз.
[7] Сүйікті бауырларым, бір-бірімізді сүйейік! Себебі сүйіспеншілік Құдайдан; сүйетін адам — Құдайдың рухани баласы, ол Құдайды танып біледі.
[8] Сүймейтін кісі Құдайды білмейді, өйткені Құдай — сүйіспеншілік.
[9] Құдай бізге деген сүйіспеншілігін былай көрсетті: Сол арқылы шынайы өмір сүруіміз үшін Құдай Өзінің жалғыз рухани Ұлын бұ дүниеге жіберді.
[10] Бұл сүйіспеншіліктің мәнісі мынада: Құдайды сүйген біз емес, қайта, Ол бізді сүйгендіктен, құрбандығы арқылы күнәміздің құнын өтеу үшін Өзінің рухани Ұлын жіберді.
[11] Сүйікті бауырларым, Құдай бізді осылайша сүйгендіктен, біз де бір-бірімізді сүюіміз керек.
[12] Ешкім еш уақытта Құдайды көзімен көрген емес; алайда бір-бірімізді сүйсек, онда Құдай жан дүниемізден орын алып, Оның сүйіспеншілігі бойымызда әбден толысып, мақсатына жеткені.
[13] Құдай бізге Өзінің Рухын сыйлады. Біздің Онымен, Оның бізбен тығыз байланыста екендігімізді осыдан білеміз.
[14] Әкенің Өзінің рухани Ұлын дүниеге Құтқарушы ретінде жібергенін біз өз көзімізбен көрдік, соған куә болып келеміз.
[15] Кім Исаны Құдайдың рухани Ұлы деп мойындаса, Құдай онымен, ол да Құдаймен тығыз байланыста тұрады.
[16] Біз Құдайдың өзімізге деген сүйіспеншілігін біліп, Оған нық сенеміз. Құдай — сүйіспеншілік. Сол себептен, кім Оның сүйіспеншілігіне сай әрекет ете берсе, ол Құдаймен, Құдай да онымен тығыз қатынаста тұрады.
[17] Мәсіхтің осы дүниеде қалай өмір сүргеніндей өмір сүрсек, онда Құдайдың сүйіспеншілігі бойымызда әбден толысып, мақсатына жетеді. Осылай қиямет сотында нық сенімді боламыз.
[18] Сүйіспеншілікте қорқыныш жоқ. Шынайы сүйіспеншілік қорқынышты жолатпайды, себебі қорқыныш жазаға байланысты. Қорқатын кісіде сүйіспеншілік мақсатына жеткен емес.
[19] Біз сүйеміз, себебі Ол бізді алдымен сүйді.
[20] Біреу «Құдайды сүйемін» дей тұра, бауырын жек көрсе, оның өтірікші болғаны. Себебі көз алдындағы бауырын сүймейтін кісі көзге көрінбейтін Құдайды қалай сүйе алады?
[21] Одан алған өсиетіміз мынау: Құдайды сүйетін кісі бауырын да сүюге тиіс!