[1] Қараңдар, Әкенің бізге деген сүйіспеншілігі қандай зор: Құдайдың рухани балалары деп аталамыз және нақ солаймыз да! Осы күнәлі дүние кім екенімізді білмейді, себебі ол Құдайды білген жоқ.
[2] Сүйікті бауырларым, қазір Құдайдың рухани балаларымыз, ал келешекте кім болатынымыз әлі анық емес. Алайда Мәсіх қайтып келгенде Оған ұқсайтынымызды білеміз. Себебі сол кезде Оның шынымен қандай екенін көретін боламыз.
[3] Оған осындай үміт артқан әркім Мәсіхтің кіршіксіз таза болғанындай, өзі де күнәдан арылып, тазарады.
[4] Күнә жасаған әркімнің Құдайдың заңын бұзғаны, себебі күнә — Құдайдың заңын бұзғандық.
[5] Ал Мәсіхтің күнәларымызды алып тастауға келгенін де, Оның ешқандай күнә жасамағанын да білесіңдер.
[6] Сондықтан кім Мәсіхпен тығыз байланыста тұрса, сол күнә жасай бермейді. Күнә жасай беретін әркім Оны көрген де, таныған да емес.
[7] Балаларым менің, сендерді ешкім де күнә жасауға азғырмасын! Әділдік істеуші адам Мәсіхтің Өзі сияқты әділ болады.
[8] Ал кім күнә жасай берсе, сол — шайтанның баласы, себебі шайтан әлем жаратылғаннан бері күнә жасап келеді. Бірақ Құдайдың рухани Ұлы шайтанның ісін жою үшін бұ дүниеге келді.
[9] Рухани мағынада Құдайдан туғандар күнә жасай бермейді, себебі олардың бойында Құдай берген жаңа өмір қалады. Осылайша олар Құдайдан туғандықтан күнә жасауларын жалғастыра алмайды.
[10] Құдайдың рухани балаларын шайтанның адамдарынан мынадан ажыратуға болады: әділ өмір сүрмейтін, әсіресе бауырласын сүймейтін, әркім Құдайдың рухани баласы емес.
[11] Сендер бастапқыда естіген хабар мынау: бір-бірімізді сүюіміз керек!
[12] Інісін ұрып өлтірген шайтанның адамы Қабылға ұқсамаңдар! Оны неліктен ұрып өлтірді? Өйткені өз іс-әрекеті әділетсіз, ал інісінікі әділетті болатын.
[13] Сонымен осы күнәкар дүние сендерді жек көрсе, бұған таңғалмаңдар, бауырларым!
[14] Өзіміздің рухани өлілерден тірілерге айналғанымызды білеміз, себебі бауырларымызды сүйеміз. Бауырын сүймейтін адам өлі болып қала береді.
[15] Бауырын жек көретін әркім — кісі өлтіруші! Ал мынаны білесіңдер: кісі өлтірушінің мәңгілік өмірі жоқ.
[16] Иса Мәсіхтің өз өмірін біз үшін қиғандығы арқылы нағыз сүйіспеншіліктің не екеніне көзіміз жетті. Біз де бауырларымыз үшін жанымызды қиюға даяр болуымыз керек.
[17] Ал егер осы дүниелік мал-мүлкі бар біреу басына қиыншылық түскен бауырына тасжүректік танытса, оның бойында Құдайдың сүйіспеншілігі бар ма?!
[18] Балаларым менің, сөз жүзінде емес, іс жүзінде шынайы сүйіспеншілік білдірейік!
[19] Сөйтіп өзіміздің шынайы жолда екендігімізді біліп, Құдай алдында жүрегіміз орнығады.
[20] Себебі егер жүрегіміз бізді айыптаса да, Құдай жүрегімізден жоғары ғой, Ол бәрін де біледі.
[21] Сүйікті бауырларым, жүрегіміз бізді айыптамағанда Құдай алдында нық сеніміміз болады және
[22] Одан не сұрасақ та, аламыз. Өйткені Құдайдың өсиеттерін орындап, Ол не қаласа, соны істейміз.
[23] Ал Құдайдың өсиеттері мынау: Оның рухани Ұлы Иса Мәсіхке сеніп, бір-бірімізді сүюіміз керек.
[24] Кім Оның өсиеттерін орындаса, ол Құдаймен және Құдай онымен тығыз байланыста тұрады. Құдайдың бізбен тығыз байланыста екенін Оның бізге сыйлаған Киелі Рухы арқылы білеміз.