Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 1:57

[1] Әуел баста Ол бар болатын. Біз Оны естіп, көзімізбен көріп, Оған анықтап қарап, қол тигіздік. Ол — шынайы өмір сыйлайтын «Сөз». Сендерге Сол туралы айтып береміз,

[2] себебі Өмір бізге келді. Осы мәңгілік Өмірді көрдік те, енді Оған куә болып, сендерге таныстырамыз. Ол Әкемен бірге болатын, содан көктен жерге түсіп, бізге көрінді.

[3] Сендер бізбен байланыста болсын деп, өзіміз көріп, естігеніміз туралы хабар беріп отырмыз. Осылай бәріміз Әкемен және Оның рухани Ұлы Иса Мәсіхпен байланыстамыз.

[4] Ортақ қуанышымыздың толық болуы үшін сендерге бұларды жазып отырмыз.

[5] Біз Мәсіхтен естіп, сендерге білдіріп отырған хабар мынау: Құдай — Нұр, Оның ішінде ешқандай түнек жоқ.

[6] Егер біз «Құдаймен байланыстамыз» дей тұра, түнекте жүрсек, өтірікші боламыз, әрі өміріміз шындыққа сай болмай қалады.

[7] Ал егер Құдайға ұқсап нұрда тұрсақ, онда өзара байланыста боламыз және Оның рухани Ұлы Исаның төгілген қаны бізді барлық күнәларымыздан тазартады.

[8] Егер «күнәсізбіз» десек, онда өзімізді алдап, бізде шындықтың болмағаны.

[9] Егер де күнәларымызды мойындасақ, Құдай сенімді де әділетті болғандықтан оларды кешіріп, бізді барлық әділетсіздігімізден тазартады.

[10] Ал егер «еш күнә жасаған жоқпыз» десек, Құдайды өтірікші етіп көрсетеміз, әрі Оның сөзі жан дүниемізден орын алмағаны.

Жоханның 1 — Chapters