[1] Сонымен, сүйікті бауырластарым, Иемізбен байланыста берік тұрыңдар! Сендерді жақсы көремін, сағынып та жүрмін. Менің қуанышым, «бәйгелік тәжім» сендерсіңдер ғой.
[2] Еуодия мен Сүнтүхе екеуін де Иемізбен жүргендер ретінде өзара татуласуға шақырамын.
[3] Иә, адал серігім, сенен де сұраймын: осы екі әйелге көмек көрсетші. Олар Ізгі хабарды таратудағы күресіме ортақтасып, Кілемент пен өзге қызметтестеріммен де бірге істесті. Солардың есімдері көктегі Мәңгілік өмір кітабына жазылып қойылған.
[4] Әрдайым Иемізбен байланыстарыңа қуаныңдар! Тағы да айтамын: қуаныңдар!
[5] Сендердің кішіпейіл екендеріңді елдің бәрі көре алсын. Иеміз қастарыңда ғой.
[6] Еш нәрсені уайымдамай, барлық жағдайда өтініштеріңді Құдайға сиынып тілекпен және шүкірлікпен білдіріңдер!
[7] Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан керемет тыныштығы сендердің жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Исада сақтайды.
[8] Сонымен, бауырластарым, күллі шынайы да қастерлі, әділ де таза, ұнамды да тартымды нәрселер, яғни қандай да адамгершілік және мақтауға тұрарлық қасиет болмасын, солар туралы ойлана беріңдер!
[9] Менен үйреніп, қабылдаған тәлімді әрі өмірімнен көріп, естігендеріңді іске асыра беріңдер! Сонда тыныштықтың қайнар көзі — Құдай сендерге жар болады.
[10] Сендердің тағы да қамымды ойлай бастағандарыңа Иемізге шүкірлік етіп қатты қуанамын. Әрине, мені бұл жағынан естен шығарған жоқсыңдар, алайда оған жағдайларың мүмкіндік бермеген еді.
[11] Мұны бір нәрсе қажет болғандықтан айтып тұрған жоқпын. Мен қандай жағдай болмасын, қолдағы барды қанағат етуді үйрендім.
[12] Жоқшылықта да, молшылықта да өмір сүре аламын. Мен не тоя тамақ жейін, не аш жүрейін, молшылықта немесе мұқтаждықта болайын, қай жағдайда да қанағат етудің құпиясымен жақсы танысып алдым.
[13] Себебі маған күш-қуат беретін Мәсіхпен бірге болсам, бәріне де төзе аламын.
[14] Дегенмен, қиын-қыстау жағдайыма ортақтасқандарың бір ғанибет болды.
[15] Қымбатты філіпіліктер, өздерің де білесіңдер: мен алғаш рет Ізгі хабарды сендерге жеткізіп, содан кейін Македония өлкесінен кеткенімде, маған басқа бір қауым емес, сендер ғана игіліктер жіберіп, Құдайдың жарылқауын қабылдауда ортақтастыңдар.
[16] Әлі Салониқада жүргенімде де сендер маған бірнеше рет қажетімді жеткізіп тұрдыңдар.
[17] Сендерден сәлем-сауқат дәметпеймін, менің үміттенетінім — осылар үшін өздеріңе қайтатын жарылқау мен сауап.
[18] Сендер жібергендердің бәрін де алдым, енді артығымен жетіп жатыр. Епафродит сәлемдемелеріңді әкеліп бергелі қажетті нәрселерім ағыл-тегіл. Олар — Құдай ұнатып қабылдайтын хош иісті тартулар мен құрбандық іспетті.
[19] Ал Иса Мәсіхпен жүрген сендердің барлық қажеттеріңді де менің Құдайым Өзінің керемет байлығы бойынша қамтамасыз ететін болады.
[20] Құдай Әкеміздің ұлылығы мәңгілік мадақтала берсін! Аумин.
[21] Мәсіх Исаның арқасында Құдайдікі болғандардың бәріне сәлемімізді жеткізіңдер. Қасымыздағы бауырластар да сәлем айтуда.
[22] Сендерге Құдайдың мұндағы адамдары түгелдей, әсіресе патша сарайындағылар, сәлем айтады!
[23] Лайым жан дүниелерің Иеміз Иса Мәсіхтің рақымына кенеле берсін! Аумин.