[1] Мәсіхпен байланыстарың сендерді жігерлендіріп, Оның сүйіспеншілігі көңілдеріңді жұбатқандықтан және өздерің Киелі Рухпен қатынаста жүріп, қайырымды да жанашыр болғандықтан,
[2] пікірлес, бір-біріңді тең сүйетін, ынтымақтас әрі ниеттес болыңдар. Осылай мені қуанышқа кенелтсеңдер екен.
[3] Жеке басының абырой-атағын ойлайтын менмен емес, кішіпейіл болып, басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар!
[4] Әрқайсың өз мүдделеріңді ғана емес, басқалардікін де ойлап жүріңдер!
[5] Иса Мәсіхтің мінез-құлқы сендердікі де болсын:
[6] Мәсіхтің құдайлық болмысы бола тұра, Ол Онысына жармасқан жоқ,
[7] қайта, Өз құдіреті мен салтанатты ұлылығынан Бас тартып, қабылдады құлдың сиқын: Ол адам секілді бұ дүниеге келді, Әрі кәдімгі адамға ұқсап көрінді.
[8] Өзін төмен тұтып, Құдайға мойынсұнды, Өлімге, тіпті айқыштағы өлімге бойсұнды.
[9] Сондықтан да Құдай Оны көкке көтерді, Оның мәртебесін бәрінен де биіктетті, Оған бар есімнен жоғары Атақты сыйлап берді:
[10] Енді естігенде Исаның Атағын Көктегі, жердегі, жер астындағылардың Бәрі де тізе бүкпек Оның алдында
[11] Және Иса Мәсіхті тіл атаулы барлығы да Жаратқан Ие деп ашық мойындауға Тиіс һәм Құдай Әкенің даңқын арттыруға.
[12] Сонымен, сүйікті бауырларым, сендермен бірге болғанымда әрдайым Құдайға мойынсұндыңдар, ал қазір мен қастарыңда жоқ кезде де солай істей берулерің әлдеқайда маңыздырақ болмақ: құтқарылуларыңа сай іс-әрекет жасап, соны толығымен жүзеге асыруға ұмтылыңдар, әрі Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтын нәрселерден қатты жиіркеніңдер!
[13] Себебі Өзіне ұнайтын істерді қалап, жүзеге асыруларыңа түрткі болушы — Құдай.
[14] Бәрін де наразылықсыз, шүбәланбай істеңдер!
[15] Осылай қазіргі азғын да алдамшы ұрпақтың арасында еш кінәсіз таза, Құдайдың мінсіз рухани балалары болыңдар: қараңғы дүниеде жарық жұлдыздай жарқырап,
[16] адамдарға шынайы өмірді жеткізетін Құдай сөзін ұсыныңдар. Сонда мен араларыңда жан сала істеп жүрген еңбегімнің босқа кетпегеніне Мәсіхтің қайта оралған күні риза болып, қатты қуанатын боламын.
[17] Сендердің Құдайға сеніп, өмірлеріңді бағыштауларың Оған арналған құрбандық іспетті. Ал мен, мүмкін, шейіт болып, қаным «сол құрбандықтың үстіне» төгілетін де шығар. Сонда мен қуанып, осы қуанышымды бәріңмен бөліспекпін.
[18] Сол сияқты, сендер де қуанып, бірге шаттаныңдар!
[19] Иеміз Иса қаласа, жақын арада сендерге Тімотені жіберетін ойым бар. Осылайша сендер жігерленіп, оның сендерден алып келетін хабары маған да жігер берер деп сенемін.
[20] Ол сияқты менімен ниеттес, шын көңілден қамдарыңды ойлайтын басқа адамым жоқ.
[21] Өзгелердің бәрі Иса Мәсіхтің ісін емес, өз қара бастарының қамын ойлайды.
[22] Ал Тімотенің сенімді екенін өздерің білесіңдер: ол маған Ізгі хабарды уағыздауда ұлының әкесіне көмектесетініндей қолғабыс етіп келеді.
[23] Сот ісімнің немен аяқталатынын біле сала, оны сендерге жібермекпін.
[24] Иеміз маған жақын арада өзім де сендерге барамын деген сенім сыйлады.
[25] Қызметтес әрі күрестес серігім — сендер маған қамқор болсын деп жіберген бауырымыз Епафродитті шұғыл түрде өздеріңе қайтаруды қажет деп таптым.
[26] Ол өзінің ауырып қалғаны туралы сендерге хабар жеткенін қатты уайымдап, өздеріңді көруге құштар болып жүр.
[27] Шынында да ол қатты ауырып, хал үстінде жатты. Бірақ Құдай оған рақымшылық жасады, оған ғана емес, қасіретке қасірет қоспау үшін маған да рақым көрсетті.
[28] Сондықтан Епафродитті жібермек болып, одан бетер асығып отырмын. Оны көріп қуанған сендерді ойлап мен де қайғырмайтын боламын.
[29] Епафродитті Иемізбен жүрген бауырларың ретінде қуана қарсы алыңдар. Мұндайларды жалпы құрметтеңдер.
[30] Себебі ол Мәсіхтің ісі үшін өлімге таяп келді. Маған сендер бере алмаған көмекті ол өз басын өлімге тіге отыра көрсетті.