[1] Санбаллат біздің қала қабырғасын тұрғызып жатқанымызды білгенде, зығырданы қайнап қатты ашуланды. Ол біздерді, яһудилерді, келекелеп,
[2] өзінің ағайын-достары мен Самария әскерінің алдында: «Мына бейшара яһудилер не істеп жүр? Олар шынымен-ақ біраз малдарын құрбандыққа шалып, бір-ақ күннің ішінде қабырғаны қалпына келтіре қоймақ па? Әлде күл-қоқыс үйінділерінен тастарды шығарып алып, қайта жандандыра ала ма? Олар өртеніп, әбден сынғыш болған ғой, ха-ха!» — деп мысқылдады.
[3] Оның жанында тұрған аммондық Тобиях та: «Өй, сол тұрғызып жатқандарына бір-ақ түлкі шыға қалса, тас қабырға деп жүргендерін опырып қиратып тастар!» — деп мазақтады.
[4] «Уа, Құдайымыз, қандай масқараға қалып тұрмыз, бізге құлақ сала гөр! Олардың мазағын өз бастарына келтіре гөр! Өздерін бөтен елде тұтқынға түсіп, тоналатын ете гөр!
[5] Кінәларын жазасыз қалдырмай, жасаған күнәларын көз алдыңнан өшіріп тастай көрме! Себебі олар құрылысшылардың алдында Сенің қаһарыңды өршітті ғой».
[6] Халық жұмысты бар ықыласымен істегендіктен, біз бүкіл қаланы қоршаған қабырғаны бұрынғы биіктігінің жартысына дейін тұрғызып тастадық.
[7] Бірақ Санбаллат, Тобиях, арабиялықтар, аммондықтар және азоттықтар: «Иерусалимнің қабырғаларын жөндеу жұмыстары алға жылжып, оның құлаған жерлері бітелуде» дегенді естігенде, олар бұған қатты ашуланды.
[8] Барлығы бірге ақылдасып: «Иерусалимге қарсы тап беріп, онда аласапыран жасаймыз!» деп сөз байласты.
[9] Сол себепті біз Құдайымызға сиынып, олардан қорғану үшін күні-түні қабырғаға қарауыл қойдық.
[10] Сол кезде Яһуданың адамдары: «Жүк тасушылар титықтап шаршап қалды! Күл-қоқыс тым көп! Өз күшімізбен қабырғаны тұрғыза алмаймыз!» — деп түңіле бастады.
[11] Бұның үстіне дұшпандарымыз: «Олар не болып жатқанын көріп, білгенге дейін-ақ, біз келіп, оларды өлтіріп, жұмыстарын тоқтатып тастаймыз!» — деп қоқан-лоқы көрсетіп те жүрді.
[12] Солардың қастарында тұратын яһудилер он рет келіп, бізге: «Олар жан-жақтан аттанып, бізге тап бермек!» — деп айта берді.
[13] Сондықтан мен халықты семсер, найза және садақпен қаруландырып, қабырғаның ең аласа, ашық жерлерінің арғы жағына әулеттері бойынша қарауылға тұрғыздым.
[14] Сосын бәрін тексеріп қарап шыққаннан кейін биіктеу жерге тұрдым да, жетекшілер мен қызметкерлерге және бүкіл халыққа сөз сөйлеп былай дедім: «Олардан қорықпаңдар! Ұлы да айбынды Жасаған Иені естеріңнен шығармаңдар! Өз ағайындарың, ұл-қыздарың мен әйелдерің әрі үй-жайларың үшін шайқасыңдар!»
[15] Осылай дұшпандарымыз өздері құрған жоспарларының бізге белгілі болып қалып, бұларын Құдайдың Өзі бұзғанын естіп білді. Сонымен бәріміз қабырға құрылысына қайта оралып, әрқайсымыз өз ісімізге кірістік.
[16] Сол күннен бастап, өз қызметшілерімнің жартысы құрылыс жұмыстарына қатысып, екінші жартысы найза, қалқан, садақтарын асынып, сауыттарын киіп тұрды. Қолбасшылар
[17] қабырғаны салып жатқан яһудалықтардың арт жағында тұрды. Жүк таситындар бір қолдарымен жүк тасып, екінші қолдарымен қару ұстап жүрді.
[18] Әрбір құрылысшы беліне семсерін тағып алып жұмыс істеді. Дабыл қағатын кернейші әрқашан қасымда жүрді.
[19] Мен жетекшілер мен қызметкерлерге және бүкіл халыққа сөз сөйлеп былай дедім: «Жұмыс өте көп және кең көлемде жасалуы керек. Ал біз қабырғаның бойына тарап, бір-бірімізден едәуір алшақтап жүреміз.
[20] Кернейдің даусын ести салысымен-ақ, керней тартылған біздің қасымызға лезде жиналып келіңдер! Сонда Құдайымыз біз үшін шайқасатын болады!»
[21] Осылайша біз таң атқаннан жұлдыздар жымыңдай бастағанға дейін жұмысымызды істей бердік. Ал ер адамдардың жартысы найзаларын ұстап тұрды.
[22] Сол кезде мен халыққа тағы да тіл қатып: «Әрбір адам өз қызметшісімен бірге Иерусалимнің ішінде түнеп шықсын! Сонда олар қаланы түнде қорғауға, күндіз жұмысын істеуге дайын болады!» — дедім.
[23] Содан өзім мен ағайындарым да, қызметшілерім әрі қасымда еріп жүретін күзетшілерім де ешқайсымыз үстіміздегі киімімізді шешпей әрдайым дайын жүрдік. Әркім өз қаруын тіпті су алуға барған кезде де тастаған жоқ.