Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 7:26

[1] Осылай бас діни қызметкер Елияшип өз ағайындары — діни қызметкерлермен бірге жұмысқа кірісіп кетті. Олар Қой қақпасын тұрғызып, есіктерін орнатты; содан соң Қой қақпасына әрі қала қабырғасының Жүздік және Хананел мұнараларына дейінгі аралығына Жаратқан Иеге бағышталу рәсімін жасады.

[2] Бас діни қызметкердің жанында Иерихонның адамдары, ал солардың қасында Имри ұлы Зақур қала қабырғасының келесі бөліктерін салды.

[3] Сенуаның ұлдары Балық қақпасын тұрғызды. Олар соның бөренелерін қиюластырып, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты.

[4] Олардың жанында Хақостың немересі Ұрия ұлы Меремот келесі бөлікті жөндеп бекітті. Оның жанында Мешизабелдің немересі Барақиях ұлы Мешулам, ал соның қасында Бағана ұлы Садық қабырға бөліктерін жөндеп нығайтты.

[5] Бұлардан кейінгі бөлікті текоғалықтар бекітіп қалпына келтірді. Бірақ олардың ауқаттылары басқарушыларының тапсырмаларына сай жұмысқа мойынсұнғылары келмеді.

[6] Пасеах ұлы Жояда мен Бесодиях ұлы Мешулам Көне қақпаны жөндеп нығайтты. Олар қақпаның бөренелерін қиюластырып, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты.

[7] Олардың қасындағы жөндеу жұмыстарын гибеондық және миспалық адамдар, гибеондық Мелатиах пен мероноттық Ядон әрі Батыс Евфрат өлкесінің әміршісіне қарайтын жерлерден келгендер атқарды.

[8] Солардың жанында зергерлердің біреуі — Харқаях ұлы Ұзиел, ал оның қасында хош иісті зат дайындаушылардың біреуі — Хананиях қабырғаның бір бөлігін жөндеп нығайтты. Бұлар Иерусалимді Кең қабырғаға дейін бекітіп қалпына келтірді.

[9] Солардың жанында Иерусалимнің жарты ауданын басқаратын Һұр ұлы Рефаях қабырғаның келесі бөлігін жөндеп бекітті.

[10] Олардың қасында Харумаф ұлы Едаях қабырғаның өз үйінің қарсысындағы бөлігін, ал оның жанында Хашабнея ұлы Хатуш келесі бөлікті қалпына келтіріп нығайтты.

[11] Харым ұлы Малқиях пен Пахат-моаб ұлы Хашуб қабырғаның қосалқы бөлігін және Тандыр мұнарасын жөндеп бекітті.

[12] Содан кейінгі жерді Иерусалимнің жарты ауданының әкімі Халохеш ұлы Шаллум өз қыздарымен бірге қалпына келтіріп нығайтты.

[13] Анон және Заноах қаласының тұрғындары Аңғар қақпасын нық етіп тұрғызды да, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты. Олар тағы да Күл қақпасына дейінгі қала қабырғасының бір мың шынтақ бөлігін жөндеп бекітті.

[14] Беткәрем ауданының әкімі Рехап ұлы Малқиях Күл қақпасын жөндеп бекітіп, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін қайтадан орнатты.

[15] Миспа ауданының әкімі Қолхозе ұлы Шаллум Қайнар қақпасын тұрғызып бекітті де, төбесін жауып, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты. Шаллум, сондай-ақ, қабырғаның Патша бағының қасындағы Силоғам тоғанының тұсындағы бөлігін Дәуіттің шаһарынан төмен түсіп жатқан баспалдақтарға дейін жөндеп нығайтты.

[16] Шаллумнан кейін Бет-Сұрдың жарты ауданының әкімі — Азбұқ ұлы Нехемия қабырғаның Дәуіт әулетінің қабірлеріне қарама-қарсы жатқан жерінен бастап, қолдан жасалған тоған мен Батырлар тұрағына дейінгі аралығын жөндеп бекітті.

[17] Одан кейін леуіліктер Бани ұлы Рехумның басшылығымен қабырғаны жөндеп нығайту жұмыстарын атқарды. Олармен көршілес бөлікті Кеилдің жарты ауданының әкімі — Хашабиях сол жарты ауданның атынан жөндеп бекітті.

[18] Хашабияхтан кейін оның ағайындары Кеилдің келесі жарты ауданының әкімі — Хенадад ұлы Бинуйдің басшылығымен жөндеп нығайту жұмыстарын жүргізді.

[19] Бинуйдің қасында Миспаның әкімі — Ешуа ұлы Езер қабырға бұрышындағы қару-жарақ қоймасына апаратын асудан басталатын қосалқы бөлікті жөндеп бекітті.

[20] Езердің жанында Забай ұлы Барух бұрыштан бастап, бас діни қызметкер Елияшиптің сарайының кіреберісіне дейінгі қосалқы бөлікті құлшына жөндеп нығайтты.

[21] Барухтан кейін Хақостың немересі Ұрия ұлы Меремот Елияшиптің сарайының кіреберісінен сарайдың шетіне дейінгі қосалқы бөлікті қалпына келтіріп нығайтты.

[22] Меремоттан кейінгі бөлікті төңіректегі жерлерден жиналған діни қызметкерлер жөндеп бекітті.

[23] Діни қызметкерлердің қасында Бунямин мен Хашуб өз үйлерінің тұсындағы бөлікті жөндеп нығайтты. Олардан кейін Ананиях немересі Мағасиях ұлы Азариях өз үйінің маңындағы бөлікті бекітіп қалпына келтірді.

[24] Одан кейін Хенадад ұлы Бинуй Азарияхтың үйінен бастап, қабырғаның ішке қарай кіре түскен жеріне және оның бұрышына дейінгі екі аралықтағы қосалқы бөлікті жөндеп нығайтты.

[25] Ұзай ұлы Палал қабырғаның ішке қарай кіре түскен бөлігін және Қарауылдар ауласының жанындағы патшаның Жоғарғы сарайынан шығатын мұнараның қарсысындағы бөлікті жөндеп бекітті. Палалдан кейін Парош ұлы Педаях

[26] және Опел төбесінде тұратын ғибадатхана қызметшілері қабырғаның шығыс жақтағы Су қақпасының қарсысы мен Шығыңқы мұнараның маңына дейінгі аралығын қалпына келтірді.

[27] Бұлардың жанында текоғалықтар Үлкен шығыңқы мұнараның қарсысынан бастап, Опел төбесіндегі қабырғаға дейін созылған қосалқы бөлікті жөндеп нығайтты.

[28] Жылқы қақпасынан жоғарырақ жерде діни қызметкерлер әрқайсысы қабырғаның өз үйінің тұсындағы бөлігін жөндеп нығайтты.

[29] Олардың қасында Имер ұлы Садық қабырғаның өз үйінің тұсындағы бөлігін мықтап жөндеді, ал Садықтың жанында Шығыс қақпасының басқарушысы Шеханиях ұлы Шемаях қабырғаның бір бөлігін қалпына келтіріп бекітті.

[30] Шемаяхтың қасында Шелемиях ұлы Хананиях пен Салафтың алтыншы ұлы Анон қабырғаның қосалқы бөлігін бекітіп жөндеді. Бұлардың жанында Барақиях ұлы Мешулам өзі тұратын бөлмесінің маңындағы қабырға бөлігін жөндеп нығайтты.

[31] Мешуламның жанында зергерлердің бірі Малқиях Сап алаңы қақпасының қарсысындағы ғибадатхана қызметшілері мен саудагерлердің тұратын үйлеріне дейінгі бөлікті және қабырғаның бұрышын жоғарғы бөлмеге дейін бекітіп жөндеді.

[32] Ал қабырғаның бұрышындағы жоғарғы бөлме мен Қой қақпасының арасындағы жөндеп нығайту жұмыстарын зергерлер мен саудагерлер жүргізді.

Нехемия — Chapters