Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:37

[1] Айтып жатқандарымыздың ең бастысы мынау: көкте біздің Бас діни қызметкеріміз бар; Ол тағына жайғасқан Ұлылық Иесінің оң жағындағы құрметті орнында отыр.

[2] Сол жерде Ол адам баласы емес, Жаратқан Иенің Өзі көкте тұрғызған шынайы киелі үйде қызметін атқарып жүр.

[3] Әрбір бас діни қызметкер Құдайға сый-тарту мен құрбандық жасау үшін тағайындалады. Сол сияқты біздің Бас діни қызметкеріміздің де Құдайға ұсынатын құрбандығы болуға тиіс еді.

[4] Егер Ол жер бетінде қалса, діни қызметкер бола алмас та еді. Себебі Таурат заңы бойынша ғибадатханада құрбандық жасайтын арнайы діни қызметкерлер бар.

[5] Бұлардың құлшылық етуі көктегі рухани қызметке ұқсағанмен, онымен бірдей емес. Мұса киелі шатырды дайындауға кіріскенде Құдай оған: «Байқа, барлығын саған осы тау басында көрсетілген үлгіге сай жасайтын бол!» — деп ескертті ғой.

[6] Ал Исаға жер бетіндегі діни қызметкерлердің міндетінен анағұрлым жоғары қызмет тапсырылды. Сол сияқты Ол Құдай мен адамдардың арасындағы бұрынғысынан гөрі жақсы Келісімге жол ашты. Бұл Құдайдың ерекше игілікті уәделеріне негізделген.

[7] Егер бұрынғы Келісім ешбір кемшіліксіз болған болса, онда өзгесін жасаудың керегі болмас та еді.

[8] Алайда (Еремия пайғамбар) халқының айыбын әшкерелегенде былай деген: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп алыңдар, Мен Исраилдің және Яһуданың үрім-бұтақтарымен Жаңа Келісім жасайтын уақыт келеді.

[9] Бұл Келісім Мен олардың ата-бабаларын қолдарынан жетелеп Мысырдан алып шыққанда солармен жасаған Келісіміммен бірдей болмайды. Өйткені олар бұл Келісіміме адал болмағандықтан ықыласымнан айырылды, — дейді Жаратқан Ие. —

[10] Қайта, Менің кейінгі заманда Исраил халқымен жасайтын Келісімім мынадай болады: Мен өз тәлімімді олардың ақыл-саналарына дарытамын әрі жүректеріне «жазып» та қоямын. Мен олардың Құдайы, ал олар Менің халқым болады, — дейді Жаратқан Ие.

[11] Сонда ешкімге замандасы мен ағайынына: «Жаратқан Иені жақыннан танып біл!» деп үйретудің қажеті болмайды. Өйткені үлкенді-кішілі барлығы да Мені жақыннан танып білетін болады.

[12] Себебі Мен олардың әділетсіз істерін рақымшылықпен кешіріп, жасаған күнәларын бұдан былай есіме алмайтын боламын».

[13] Осылай Құдай «Жаңа Келісім» дегенде бұрынғысының ескіргендігін білдірді. Ал ескіріп, көнерген нәрсе көп ұзамай күшінен айырылып, жойылмақ.

Еврейлерге — Chapters