[1] Бұл солай болғандықтан, қымбатты бауырластарым, әрі көктегі Құдай сендерді Өзіне бағыштап, қасиетті болуға басқалармен бірге шақырғандықтан, Мәсіх Исаға берік ден қойыңдар: Ол — Құдайдың Елшісі және Бас діни қызметкері. Оған сенім артқанымызды ашық мойындаймыз.
[2] Мұса пайғамбар Құдайдың бүкіл үйіндегі қызметін адал атқарғанындай, Иса да Өзін тағайындаған Құдайға адал болды.
[3] Ал салынған үйден гөрі үй салушы көбірек құрметке лайық, сол сияқты Иса да Мұсаға қарағанда әлдеқайда зор құрметке ие.
[4] Әрбір үйдің салушысы бар, ал бәрінің де Жаратушысы — Құдай. (Сондықтан да Оның рухани Ұлы Мәсіх Мұсадан анағұрлым мәртебелі!)
[5] Мұса Құдайдың бүкіл үйінде адал қызметшісі болып, Оның кейін жариялайтын хабарына меңзеп, ол туралы алдын ала айтып кетті.
[6] Ал Мәсіх Құдайдың рухани Ұлы ретінде Оның үйін (яғни Құдайдың халқын) адал басқарады. Егер (Мәсіхке деген) нық сенімімізді және мақтан тұтып келген үмітімізді берік ұстансақ, біз Соның рухани үйіміз.
[7] Сондықтан Киелі Рухтың мынадай айтқандарына мән беріңдер: Бүгін сендер Оның даусын естігенде,
[8] Ежелде айдалада сыналған кезде Бас көтергендердің істегендері секілді Қасарыстырмаңдар енді жүректеріңді!
[9] (Тәңір Ие олар туралы былай деген еді:) Қырық жыл ата-бабаларың сол жерде Көріп жүрсе де керемет істерімді, Еркінсіп сынай берді төзімімді.
[10] Бұл ұрпаққа сол себепті ашуландым, Сонымен былай деп қорыттым: Жүрек қалаулары теріс бағыттағы Олар тағылымымды қабылдамады!
[11] Қаһарланып ант еттім Мен сондықтан: Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған Елге кірмейді олар енді ешқашан!
[12] Бауырластар, сақ болыңдар: ешқайсың жүректеріңді қасарыстырып сенбейтін болмаңдар, мәңгі тірі Құдайдан безіп кетіп жүрмеңдер!
[13] Қайта, бірде-біреуің күнәнің кесірінен алданып, қасарысып кетпеу үшін, әлі де «бүгін» деген мерзім бітпей тұрғанда, күн сайын өзара дем берісіп отырыңдар!
[14] Алғашқы сенімімізді аяғына дейін берік ұстанғанда ғана Мәсіхпен тығыз байланыста болып, бірге қызмет етеміз.
[15] Жоғарыда айтылғандай, «Бүгін сендер Оның даусын естігенде, бас көтергендердің істегендері секілді қасарыстырмаңдар енді жүректеріңді!»
[16] Жаратқан Иенің даусын естісе де, Оған қарсы бас көтергендер кімдер? Олар Мұса пайғамбардың соңынан еріп Мысыр елінен көшіп шыққандардың бәрі емес пе еді?
[17] Ал Құдай қырық жыл бойы кімдерге ашуланды? Олар күнә жасағандықтан айдалада жүргенде өліп, жерленген ата-бабаларымыз емес пе еді?
[18] Құдай кімдер туралы «Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған елге кірмейді олар енді ешқашан!» деп ант еткен болатын? Оған мойынсұнбаған ата-бабаларымыз туралы емес пе еді?
[19] Сонымен олардың Тәңір Иеге сенбегендіктеріне бола сол елге кіре алмағанын көреміз.