[1] Аббақұқ пайғамбардың Құдайға еткен мінажаты; екпінді әуенмен айтылады.
[2] Уа, Жаратқан, Сенің даңқың жайлы естігенмін, Ием, істеріңе қатты таңырқап келемін. Осы заманда да сондайларды жасай гөр, Тірі кезімізде оларды паш ете гөр, Қаһарыңда мейіріміңді ескере гөр.
[3] Киелі Құдай Теманнан, Паран тауынан келді. Ұлы салтанаты Оның жапты күллі аспанды, Оны дәріптеген мадаққа жер беті кенелді.
[4] Құдай нұры таң шапағындай жарқырады, Құдіретті қолынан сәулелер жалтырады.
[5] Жаратқан Иенің алдында апат жүрді, Ал соңынан күйдіргіш індет те ерді.
[6] Құдай тұра қалып, жерді сілкіндірді, Ол қарағанда халықтар дірілдеді. Ежелгі таулар опырылып құлады, Атам заманғы төбелер шөгіп қалды. Мәңгілік — Киелі Құдайдың жолдары!
[7] Көрдім Құшанның абыржыған шатырларын, Дірілдеп қорыққан Мадиянның қостарын.
[8] Уа, Жаратқан, өзендерге ашуландың ба, Қаһарың ағымдарға бағытталған ба? Сен аттарыңа мініп, атойлағанда Теңізге қарсы қатты қаһарландың ба? Жоқ, күймелеріңді жібердің құтқаруға!
[9] Сен садағыңды қынабынан шығардың, Отты жебелерді уәдеңе сай дайындадың, Жер бетін сай-аңғармен бөліп тастадың.
[10] Таулар Сені көргенде дүр сілкінді, Су тасқыны ағып өтіп лап берді, Түпсіз тұңғиық гүрілдеп күркіреді, Толқындары биікке көтерілді.
[11] Ұшқан жебелеріңнің жарығында, Жалтыраған найзаңның жарқылында Тып-тыныш тұра қалды күн де, ай да.
[12] Қаһарлана жер бетімен қадам бастың, Ашулана халықтарды таптадың.
[13] Құтқаруға аттандың Сен халқыңды Және Өзің тағайындаған патшаңды. Зұлым елдің әміршісін күйреттің, Оны толықтай ұятқа қалдырдың.
[14] Жау құйындай құйғытып бізді шашпақ болғанда, Тығылған байғұсты қуана жалмамақ болғанда, Қолбасшының басына өз найзасын сұғып алдың,
[15] Аттарыңның тұяғымен теңізді таптадың, Зәулім су иірімі арқылы жол салдың.
[16] Естігенде жүрегім дүрсілдей соқты, Зор гүрілден еріндерім қалтырады, Сүйектерім әлсіреп, күштен айырылды, Аяқ астым қалш-қалш етіп шайқалды. Ал бізді тонап, талан-таражға салған Елдің өзі апатқа ұшырап жатқан Күнді шыдамдылықпен тосатын болам.
[17] Інжір ағаштары гүлдемесе де, Бақтарда жүзім шоқтары піспесе де, Зәйтүн ағаштары өнім бермесе де, Егістіктерден астық жиналмаса да, Қорада қой, табында мал қалмаса да,
[18] Мен бәрібір Жаратқанға шаттанамын, Құтқарушы Құдайыма қуанамын.
[19] Жаратушы Тәңір, күш-қуатым болады, Ием мені бұғыдай жүйрік қылады, Қырат жолмен жүруіме күш дарытады. (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен орындалады.)