Skip to content
Opens in a new window

[1] Мұнда Аббақұқ пайғамбардың Құдайдан алған аянындағы ауыр хабар берілген.

[2] — Уа, Жаратқан Ие, қашанғы мен көмек сұрап, Сен құлақ салмай қала бересің? «Барлық жерде зорлық!» деп қанша шағымдансам да, Сен құтқармайсың.

[3] Неге мені әділетсіздікке қарауға, зұлымдықты көруге мәжбүрлейсің? Күн сайын көретінім құрып-күйреу мен зорлық-зомбылық, айналам ұрыс-керіс пен дау-жанжал.

[4] Сондықтан да Таурат заңы күшінен айырылған, әділ үкімдер еш орындалмайды. Зұлымдар адал жанды қоршап алып, қыспақтайды, осылай әділ сот бұрмаланады.

[5] — Халықтарға көз тастап, назар аударыңдар! Таңғалып, таңдай қағыңдар! Себебі көздеріңнің тірісінде Мен бір істі жүзеге асырмақпын. Оны біреу алдын ала айтып берсе де, сендер сенбес едіңдер:

[6] Мен бабылдықтарды — сол бір қатыгез де қарқынды халықты қолдап, көтеремін. Олар жердің шалғайларына дейін аттанып, өзгелердің қоныстарын тартып алады.

[7] Бабылдықтар — қорқынышты да айбынды халық, заңдары мен билігі өздерінен ғана туындайды.

[8] Аттары қабыланнан жүйрік, кешқұрым жортып жүретін қасқырдан айбарлы. Атты әскері құйғыта шабады, салт аттылары алыстан зулап келіп, олжасына тап берген бүркітке ұқсайды.

[9] Барлығы тонауға аттанып, шөл даладан соққан дауылдай алға басып, тұтқындарын құмдай жинайды.

[10] Олар патшаларды мазақтап, әміршілерді күлкі етеді; қамалды қалаларды келекелеп, қабырғасына қарай үймек үйіп, қаланы басып алады.

[11] Содан олар жел сияқты соғып өтеді. Бұлар кінәлі адамдар, олар өз күш-қуаттарына құдайдай табынады.

[12] — Уа, Жаратқан Ие, Сен мәңгі тірі, киелі Құдайым емессің бе? Бізді өлімге қимағаның ғой? О, Ием, Сен бізді соттауға Бабыл халқын тағайындағансың, уа, жартастай Қорғанымыз, бізді жазалауға дәл соларды белгілеп қойғансың!

[13] Ал Сенің көздерің зұлымдыққа қарауға тым пәк, озбырлыққа қарап тұра алмайсың. Ендеше неге сол опасыздарға жол бересің? Осы зұлым жау өзінен әділдірек басқаларды жалмап жеп жатқанда, Сен неге үндемейсің?

[14] Осылайша адамдарды теңіздегі балық сияқты қыласың, әрі әміршісі жоқ, бауырымен жорғалаушы жәндіктер іспетті етесің!

[15] Содан Бабыл біздің бәрімізді қармағымен ұстап, ауына түсіреді, торымен жағаға тартып шығарып, соған қуанып мәз болады.

[16] Сондықтан Бабыл ауына құрбандық шалып, торына табынып хош иісті зат түтетеді. Өйткені солар арқылы олжаға кенеліп, майлы тамаққа тойынады.

[17] Сонда қалай, Бабыл өз торына тыным бермей халықтарды аяусыз құрта берсін бе?!

Аббақұқ — Chapters