Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 1:57

[1] Көк ден қойып тыңдасын, мен сөйлейін, Жер де аузымнан шыққан сөзді естісін,

[2] Тағылымым жаусын жаңбыр тамшыларындай, Сөздерім түссін түннің мөлдір шығындай, Жас шөпке құйылған таза жаңбырдай, Көк құраққа төгілген жұмсақ нөсердей.

[3] Паш етемін Жаратқанның ұлы атын, Даңқтаңдар Құдайымыздың салтанатын!

[4] Құдай — Қорғанымыз жартастай мықты, Мүлтіксіз Оның іс-әрекеттері, Барлық жолдары Оның әділетті, Құдай сенімді, жоқ еш жалғандығы, Әрдайым Ол әділ әрі шынайы!

[5] Бірақ осы халық Оның алдында Салынып кетті зұлым азғындыққа, Олар Оның балалары емес сонда, Қайта, азғын алдамшы ұрпақ, масқара!

[6] Жаратқанның жасаған жақсылықтарына Жауап беретін жолдарың осы ма?! О, халық-ау, ақымақ та, ақылсыз да, Ол сені жаратып, қалыптастырған Әкең емес пе, әрі бекітіп қойған?

[7] Ежелгі заманды есіңе алшы, Өткен ұрпақтар туралы толғаншы, Атаңнан сұрашы, ол саған айтып берер, Қарттарыңнан сұрашы, олар түсіндірер.

[8] Адамзатты Алла Тағала таратқанда, Мұралық жерін үлестіріп әр халыққа, Исраилдің ұрпақтарының санына Сай белгіледі шекараларын сонда.

[9] Себебі өз халқы — Жаратқанның үлесі, Жақыптың ұрпақтары — Оның меншігі.

[10] Ол халыққа ұшырасты айдалада, Жел ысқырып, құлазыған маң далада, Оның қамын ойлап, жан-жақтан қоршады, Көзінің қарасындай сақтап қорғады,

[11] Бүркіттей ұясын күзетіп тұрған, Балапандары үстінен қалықтаған, Олар үшін қанаттарын кең жайған, Қауырсын қанатымен тасыған.

[12] Жаратқанның жалғыз Өзі халқын бастады, Қасында ешқандай бөгде тәңір болмады.

[13] Ол халқын жер қыраттарына шығарды, Даланың өнімімен оны асырады, Жартастағы ұядан оған бал сорғызды, Тастақта өскен зәйтүннен май ағызды.

[14] Табын-отар малының май-сүтімен, Бордақы тоқты-лақтың етіменен, Башанның ең қоңды қошқарларымен Тойдырады, әрі үздік астық дәнімен.

[15] Ал Ешүрун семіріп қыңырланды, Халық әбден тойынып қоң жинады, Тіпті өзін жаратқан Құдайды менсінбеді, Жартастай Құтқарушысынан безіп кетті.

[16] Халық бөгде тәңірлерге табынды, Бұларымен Жаратқанды ызаландырды, Жексұрын пұттармен қаһарландырды,

[17] Құдай емес жын-періге құрбан шалды, Оларды бұрын еш біліп-танымады, Солар жаңа ғана елімізде пайда болды, Ата-бабалары олардан қорықпады.

[18] Өзіңе өмір берген «Жартасты» тастадың, Өзіңді жаратқан Құдайды ұмыттың!

[19] Жаратқан мұныңды көріп, наразыланды, Рухани ұл-қыздарына қаһарланды

[20] Былай деп: Бұлардан жүзімді жасырамын, Көремін олардың соңының не боларын, Өйткені олар азғындаған ұрпақтар Әрі опасыз, сатқын болған балалар.

[21] Құдай емес мүсіндерге табынды, Осылай қызғанышымды тұтандырды, Тәңірсымақтарымен Мені қаһарландырды. Сонда Мен халық сиқы жоқ бөтендер арқылы Олардың қызғаныштарын тұтандырамын, Иә, өздері түсінігі жоқ деп санайтын Өзге халықпен оларды ашуландырамын!

[22] Өйткені қаһарым оттай тұтанады, О дүниенің түбіне дейін жайылады, Жерді бар өнімімен бірге жалмайды, Таулардың негіздерін өртеп талқандайды.

[23] Халқымның басына пәлелер түсіремін, Жебелерімді оларға атып бітіремін.

[24] Аштықтан халқым жүдеп әлсірейді, Жаппай індеттерден азап шегеді, Обадан толығымен құртылады. Жұмсаймын оларға жыртқыш аңдарды, Жерде жорғалайтын улы жыландарды.

[25] Жас жігіт пен бойжеткен, емшектегі баланы, Ақ қырау басын шалған қарияны, Барлығын далада семсер өлтіреді, Үйде үрей билеп үміттерін үзеді.

[26] Халқымды талқандап, таратып жіберуге, Адамзат есінен аттарын өшіруге Мен әбден дайын тұрған болар едім.

[27] Бірақ жау табаламасын деп жүрдім, Олар: «Жаратқан емес мұны істеген, Өз күшімізбен жеңіп шықтық!» демесін.

[28] Осы халық түсініктен жұрдай болған, Ақыл-парасаттары еш қалмаған.

[29] Дана болып олар ұғынса ғой, Ақыр аяғы не боларын ұқса ғой!

[30] «Жартастай Қорғандары» — Жаратқанның Өзі Жау қолына тапсырмаса Исраилді, Қалайша жаудың жалғыз жауынгері Исраилдің мың сарбазын қуар еді? Және қалайша жаудың екі жауынгері Он мыңдай исраилдікті қашқызар еді?

[31] Себебі жаулардың «жартастай қорғандары» Біздің «Қорғанымыз» — Құдайға ұқсамайды, Бұлардың өздері соны мойындайды.

[32] Олардың жүзім бұталары Содомнан, Әрі Ғомораның бақшаларынан, Піскен жүзімдері түгелдей улы, Жүзім шоқтары да сондай ащы.

[33] Шараптары — сұр жыланның заһарындай, Зәрлі жыланның кісі өлтірер уындай.

[34] «Жаулардың зұлым істерін қойдым сақтап, Қоймама салдым мөрлеп тастап, —

[35] Дейді Иеміз. — Жазалау — Менің ісім, Тиісті жазаларын тартқызамын Өзім! Кезі келгенде аяқтары таяды, Күйрейтін күндері жақындап қалды, Тағдыры зырғытып қуады оларды».

[36] Тәңір Ие сотта тергейді өз халқын, Олардың күш-қуатының сарқылғанын, Құл мен еріктінің тірі қалмағанын Байқап, оларға түсірер шапағатын.

[37] Сонда Жаратқан Ие қояды сауалын: «Тәңірсымақтары олардың қайда екен?!

[38] Шалған құрбандықтарының майын жеген, Сұйық тартуларының шарабын ішкен, Өздеріне медеу тұтып сеніп жүрген «Сондай берік жартастары» қайда екен?! Тұрсын олар, сендерге көмектессін, Бас сауғалайтын паналарың болсын!

[39] Біліп алыңдар енді, Менің Өзім, Жалғыз Өзім ғана (шынайы) Құдаймын, Менен басқа құдай болмас дәйім! Өмірді алар яки қайтарар Өзіммін, Жаралап, жараны жазар да Менмін, Құтқара алмайды өз қолымнан ешкім.

[40] Көкке қарай Мен қолымды созамын, Салтанатты түрде жариялаймын: Тек Мен ғана мәңгі тірі Құдаймын,

[41] Жүзі жылтыр семсерімді қайраймын, Үкім орындап оны қолда ұстаймын, Бар жауымды әділдікпен жазалаймын, Мені жек көргендерге жазасын тартқызамын,

[42] Жебелерімді сонда қанға маламын, Семсерім жалмайды өлетіндердің тәнін, Қаза тапқандар мен тұтқындардың қанын Әрі жау көсемдерінің бастарын».

[43] Шаттаныңдар енді, уа, басқа ұлттар, Жаратқан Иенің халқымен қатар, (Бар періштелері де Оған тағзым етсін,) Себебі Ол өз қызметшілерінің Қанын төккенге жазасын тартқызады Және өз халқы мен елін тазартады.

[44] Мұса мен Нұн ұлы Ешуа екеуі халықтың алдына шығып, оларға осы жырдың сөздерінің барлығын естіртті.

[45] Мұса бүкіл Исраилге жырды айтып болғаннан кейін

[46] оларға былай деді: «Мен бүгін сендерге нықтап айтқан осы сөздерді түгелдей жүректеріңе жазып, жаттап алыңдар! Содан бұл Таурат заңының барлық сөздерін балаларыңа үйретіп, сақтап орындауды өсиет етіңдер!

[47] Сол бұйрықтар жай сөздер емес, олар сендерге (рухани игілікке толы) өмірді алып келеді. Оларды ұстанатын болсаңдар, Иорданның арғы жағындағы иемденгелі тұрған елдегі өмірлерің ұзақ болады».

[48] Сол күні Жаратқан Ие Мұсаға былай деді:

[49] «Моаб еліндегі Абарим қыратына, Иерихонның қарсысындағы Небо тауына көтеріл де, Мен исраилдіктерге меншікке бергелі тұрған Қанахан еліне көз жіберіп қара.

[50] Сол шыққан тауыңның үстінде, Хор тауында қайтыс болған ағаң Һарон сияқты, сен де көз жұмып, ата-бабаларыңның қасына аттанасың.

[51] Бұның себебі — Исраил халқының Сін даласындағы Қадештің маңында, Мерібадағы жартастан ағып шыққан судың қасында жиналып тұрғанда, екеуің исраилдіктердің көзінше Маған сенім артпай, киелі атымды қастерлемедіңдер.

[52] Сондықтан Мен Исраил халқына табыстағалы тұрған елді көзіңмен көресің, бірақ өзің оған аяқ баспайсың».

Заңды қайталау — Chapters