[1] Болашақта Мен сендерге айтып берген барлық баталар мен қарғыстар бастарыңа түсіп, Құдайларың Жаратқан Ие сендерді бытыратып шашып жіберген түрлі жат халықтардың арасында тұрып жатсаңдар, осы нұсқауларымды естеріңе алыңдар!
[2] Егер сендер және балаларың Құдайларың Жаратқан Иеге қайтадан бет бұрып, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған өсиеттерге сай Оған шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен мойынсұнсаңдар,
[3] онда Құдай Иеміз сендерді құлдықтан қайтарып алып, аяп-мүсіркейді. Ол сендерді Өзі шашыратып жіберген халықтардың арасынан қайтадан жинап алмақ.
[4] Тіпті жердің қиыр шеттеріне аластатылған болсаңдар да, Құдай Иеміз сендерді сол жақтан да жинап,
[5] ата-бабаларың иемденген елге қайтарып алып келеді. Содан осы елге тағы да ие боласыңдар. Құдай Ие сендерді ата-бабаларыңнан да асқан дәулетті әрі сансыз көп етеді.
[6] Сендер Құдайларың Жаратқан Иені шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен сүйіп, қайтадан елдеріңде өмір сүре алуларың үшін Ол сендердің және ұрпақтарыңның жүректеріңді жаңартып, күнәдан тазартатын болады.
[7] Сонда Құдайларың Жаратқан Ие сол қарғыстардың бәрін сендерді жек көріп, қудалаған жауларыңның бастарына түсіреді.
[8] Сендер қайтадан Жаратқан Иеге құлақ салып, мен бүгін өздеріңе беріп отырған өсиеттерінің бәрін орындайсыңдар.
[9] Содан Құдай Ие қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді молынан жарылқап, сендерге көп бала, сансыз мал, ағыл-тегіл өнім сыйлайды. Жаратқан Ие ата-бабаларыңа істегеніндей, сендерге де қайтадан игілік сыйлап, сонысына қуанатын болады.
[10] Егер сендер Құдайларың Жаратқан Иеге мойынсұнып, осы Таурат заңы кітабында жазылған Оның өсиеттері мен ережелеріне бағынып, шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен Оған қайтадан бет бұрсаңдар, осылай болады.
[11] Мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған өсиет сендер үшін тым қиын әрі алыс нәрсе емес.
[12] «Оны орындауымыз үшін кім көкке көтеріледі де, оны жерге алып келіп, бізге жариялайды?» деп сұрайтындай, бұл өсиет тек көкте емес.
[13] Немесе: «Оны орындауымыз үшін кім теңізді кесіп өтіп, оны алып келіп, бізге жариялайды?» деп сұрайтындай, осы өсиет тек теңіздің ар жағында да емес.
[14] Жоқ, бұл сөз саған өте жақын, ол ауызыңда және жүрегіңде. Сондықтан оны орындай аласың.
[15] Бері қараңдар! Мен бүгін өмір мен игілікке және өлім мен қырғынға (апаратын екі жолды өздерің таңдап алуларың үшін) алдарыңа қойып отырмын.
[16] Сендерге бүгін Құдайларың Жаратқан Иені сүйіп, Оның жолдарымен жүріп, өсиеттерін, ережелерін және шешімдерін орындауды тапсырамын. Егер осылай істесеңдер, қазір кіріп, иемденгелі жатқан елде Құдай Иеміз сендерді жарылқап, осылайша аман-есен өмір сүріп, өсіп-өнетін боласыңдар.
[17] Бірақ егер жүректерің басқа жаққа бұрылып, осы нұсқауларыма құлақ салмай, шындық жолдан азғырылып, бөгде тәңірлерге иіліп құлшылық етсеңдер,
[18] мен бүгін сендерге құритындарыңды ескертемін. Онда иемдену үшін Иордан өзенінен өтіп, кіріп жатқан осы елде ұзақ өмір сүрмейсіңдер.
[19] Мен бүгін сендерге қарсы көк пен жерді айғақ болуға шақырып отырмын: таңдап алуларың үшін өмір не өлім, жарылқау не қарғыс әкелетін жолдарды алдарыңа жайып салдым. Ендеше өмірді таңдап алсаңдар ғой! Осылай өздерің де, ұрпақтарың да аман-есен өмір сүріп,
[20] Құдайларың Жаратқан Иені сүйсеңдер, Оның дауысына құлақ салып, Онымен тығыз байланыста тұрсаңдар, шіркін! Себебі шынайы өмірлерің осы. Сонда Жаратқан Ие ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа антпен уәде еткен елінде өздеріңді ұзақ уақыт мекендететін болады.