Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:18

[1] Жаратушы Тәңір Ие маған мына көріністі көрсетті: Ол шегіртке үйірлерін жасап шығарды. Бұл патшаның өнімі жиналып болып, одан кейінгі өнім көктеп шыға бастаған кезде болды.

[2] Шегірткелер бүкіл елдегі көкті жеп қойғанда мен: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие, бізді кешіре гөр! Жақыптың үрім-бұтағы бұған қалайша шыдасын? Біз сондай кішкентай ғана елміз ғой! — деп жалбарындым.

[3] Сонда Жаратқан Ие райынан қайтып: — Жарайды, бұлай істемеймін! — деп шешті.

[4] Содан соң Жаратушы Тәңір Ие маған мына көріністі көрсетті: Тәңір Ие елді жазалау үшін от лаулатты. Сол от үлкен де терең теңізді және елдегі егістіктерді жалмап қойды.

[5] Сонда мен: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие, тоқтата көрші! Жақыптың үрім-бұтағы бұған қалайша шыдасын? Біз сондай кішкентай ғана елміз ғой! — деп жалбарындым.

[6] Сонда Жаратқан Ие райынан қайтты. — Жарайды, бұлай да істемеймін! — деп шешті Жаратушы Тәңір Ие.

[7] Ол маған тағы мына көріністі көрсетті: Жасаған Ие бір тік қабырғаның жанында тұр екен. Қолында тік бағытты көрсететін, ұшына бір кесек қорғасын байланған тіктеуіш жіп бар еді.

[8] Жаратқан Ие менен: — Не көріп тұрсың, Амос? — деп сұрады. Мен: — Тіктеуіш жіпті, — дедім. Сонда Жасаған Ие маған тіл қатып былай деді: — Мен тіктеуіш жіпті өз халқым Исраилдің ортасына орнатамын. Бұдан былай Мен олардың күнәларына шыдамдылық көрсетпеймін!

[9] Ысқақтың үрім-бұтағының биіктеу жерлердегі табыну орындары қаңырап бос қалады, Исраил елінің киелі табыну орындары ойрандалады! Сонда Мен семсермен Еробоғам патшаның әулетіне қарсы шығамын!

[10] Ал Бетелдегі табыну орнының діни қызметкері Амасиях Солтүстік Исраилдің патшасы Еробоғамға мынадай хабар жіберді: — Амос Солтүстік Исраил халқының дәл ортасында сізге қарсы үгіт жүргізіп жатыр! Біздің еліміз оның айтқан барлық сөздеріне төзе алмайды.

[11] Өйткені Амос: «Еробоғам семсерден қаза тауып, Исраил халқы еш шүбәсіз өз елінен жер аударылады!» деп жүр.

[12] Мұнан кейін Амасиях Амосқа былай деді: — Ей, көріпкел, бар! Яһуда еліне қашып кет! Наныңды сонда тауып же, пайғамбарлық сөзіңді сол жерде айт!

[13] Ендігәрі Бетелде пайғамбарлық сөз айтушы болма! Бетел — патшаның сиынатын киелі жері әрі бүкіл патшалықтың құлшылық ететін үйі! —

[14] Бірақ Амос Амасияхқа былай деп жауап берді: — Мен жай пайғамбар емеспін, пайғамбардың шәкірті де болған емеспін. Мен мал бағып, тұт ағаштарын өсіріп, жемістерін жинаумен айналысатынмын.

[15] Ал Жаратқан Ие мені отардың соңынан шақырып алып, «Барып, халқым Исраилге Менің хабарымды жеткіз!» деп тапсырма берді.

[16] Ал енді, Жаратқан Иенің сөзін тыңда! Сен Маған: «Солтүстік Исраилге қарсы пайғамбарлық сөз айтпа! Ысқақтың үрім-бұтағына қарсы сөйлеме!» дейсің.

[17] Сол үшін Жаратқан Ие саған мынаны айтады: «Сенің әйелің қалада жезөкше болып, ұл-қыздарың семсерден қаза табады. Жеріңді басқалар өлшеуіш жіппен өлшеп бөлісіп алады. Ал сен өзің болсаң, жат жерде өлесің. Солтүстік Исраилдің бүкіл халқы өз елінен жер аударылып кетеді!»

Амос — Chapters