Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:17

[1] Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Моаб халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Моабтықтар Едом патшасының сүйегін әк іспетті күйдіріп қор қылды.

[2] Сол үшін Мен Моабқа от жіберемін. Сол от Кериоттың сарайларын жалмап қояды. Сонда Моаб айқай-шудың әрі әскердің шабуылдап атой салып, керней тартқан дауыстарының астында күйрейді.

[3] Мен Моабты басқарып жүрген биді елден аластатып, онымен бірге барлық әміршілерін де өлтіремін», — деп ескертеді Жаратқан Ие.

[4] Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Яһуданың халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Яһудалықтар Мен, Жаратқан Ие, тапсырған Таурат заңын менсінбей, ережелерімді орындамай кетті. Бұрын ата-бабалары құлшылық еткен жалған тәңірлердің жолына енді бұлар да түсіп, адасты.

[5] Сол үшін Мен Яһудаға от жіберемін. Сол от Иерусалимнің сарайларын жалмап қояды».

[6] Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Солтүстік Исраилдің халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Исраилдіктер әділ жанды күміске, кедейді бір жұп аяқкиімге айырбастай салады.

[7] Олар кедейдің басын жердің топырағына таптап, бейшараны жолынан итеріп баса көктейді. Әкесі мен баласы екеуі бірдей бір жас әйелге барып, Менің киелі есімімді қор қылады.

[8] Олар өздеріне қарыздар адамнан кепілдікке алынған жамылғыны құрбандық үстелінің қасына төсеп жатады. Жұртқа айып төлетіп алған шарапты өздері табынған тәңірсымағының ғибадатханасында ішеді.

[9] Ал Мен ежелде халқымның көз алдында самырсындай биік, емендей мықты Амор халқын күйреткенмін. Сонда Мен оның төбесіндегі жемісі мен түбіндегі тамырын да біржола құртқан болатынмын.

[10] Сендердің аморлықтардың жерін иемденіп алуларың үшін Мен сендерді Мысыр елінен алып шығып, қырық жыл бойы айдалада ертіп жүрген едім.

[11] Ұлдарыңның кейбіреулерін пайғамбар, жас жігіттеріңнің бірнешеуін Құдайға бағышталған назир еттім. Солай емес пе, уа, Исраилдің үрім-бұтағы? — деп ескертеді Жаратқан Ие. —

[12] Алайда сендер Өзіме бағышталған назирлерге шарап ішкізіп күнә жасатып, пайғамбарларға: «Пайғамбарлық сөз айтпа!» деп тыйым салып жүрдіңдер.

[13] Біліп қойыңдар, егін баулары мол артылған арбаның жерге қарай шөгетіні сияқты, енді Мен де сендерге ауыртпалықты молынан түсіремін!

[14] Сонда жылдамдарыңның жүгіруге шамасы болмай қалады, мықтыларың да өз қуаттарынан айырылады, тіпті батырларың да өз жандарын құтқара алмайды.

[15] Сонда мерген тойтарыс бере алмайды, желаяқ та, салт атты да өз жандарын құтқарып қала алмайды.

[16] Ержүрек батыл деген жасақшылар да қару-жарағын тастап бас сауғалап қашатын болады», — деп ескертеді Жаратқан Ие.

Амос — Chapters