Жоханның 3
[1] Ақсақалдан өзі шын жүректен жақсы көретін қымбатты Гайға дұғай сәлем!
[2] Сүйікті бауырым! Сенің рухани өміріңнің сау болғанындай, саған барлық жағынан да Құдайдан игілік пен денсаулық тілеймін.
[3] Кейбір бауырластар келіп, сенің шындыққа адал болып, үнемі шындық жолымен жүріп келе жатқаныңды хабарлағанда, мен қатты қуандым.
[4] Рухани балаларымның шындық жолымен жүріп жатқанын естуден артық маған қуаныш жоқ.
[5] Сүйікті бауырым, сендерге сапарлап келген бауырластарымыз өзіңе таныс болмаса да, оларға демеу болып дұрыс істеп жүрсің.
[6] Олар осындағы қауым алдында сенің сүйіспеншілігіңе куәгер болды. Мұндайларды Құдайдың адамдарына лайық түрде жолға жабдықтап, шығарып салсаң, игі болады.
[7] Себебі олар бұл сапарға Оның атын таныту үшін шықты және Оған сенбейтіндерден ешқандай жәрдем алмайды.
[8] Сондықтан осындай кісілерді қолдау — біздің міндетіміз; шындықты таратуға осылай үлесімізді қосамыз.
[9] Мен қауымға жазып жібердім, бірақ олардың басшысы болуға тырысып жүрген Диотреф бізді мойындамайды.
[10] Сондықтан барған кезде оның істегендерінің бәрін есіне саламын: ол бізді жаман сөзбен өсектеп жүр; ал соған да қанағаттанбай, сапармен келген бауырластарымызды өзі де қабылдамайды, басқаларға да қабылдатпайды. Оларды қарсы алғандарды тіпті қауымнан шығарып тастайды.
[11] Сүйікті бауырым, жамандыққа еліктемей, жақсылыққа елікте! Жақсылық істейтін адам Құдайдікі, ал жамандық жасаушы Құдайды білмейді.
[12] Деметір туралы елдің бәрі жақсы пікір айтады. Ол шындыққа сай әрекет жасайды. Біз де соған куәлік етіп жүрміз, ал сендер шындықты айтатынымызды білесіңдер.
[13] Саған әлі де көп нәрсе жазуым керек еді, бірақ оны жазғым келмейді.
[14] Сені жақын арада көретін шығармын деген үмітім бар, сонда екеуіміз ауызба-ауыз сөйлесеміз.
[15] Саған амандық пен тыныштық болсын! Бұл жақтағы достарың сәлем айтып жатыр. Сол жақтағы достардың бас-басына сәлем айт!