Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:11

[1] Бір күні Дәуіт: «Саулдың әулетінен тірі қалған біреу бар ма екен? Мен Жонатан үшін оған мейірім көрсетейін!» — деп сұрастырды.

[2] Кезінде Саулдың сарайында Сиба есімді бір қызметшісі болған еді. Дәуіт соны шақыртып: — Сен Сибасың ба? — деп сұрады. Ол: — Иә, тақсыр, сіздің құлыңызбын, — деп жауап қатты.

[3] Патша: — Саулдың әулетінен бірде-бір жанның тірі қалмағаны ма? Мен соған Құдайдың берік мейірімін көрсеткім келеді, — деді. Сиба: — Жонатанның ұлдарының біреуі әлі де бар. Ол екі аяғы майып болған ақсақ, — деп жауап берді.

[4] — Ол қайда? — Лодыбардағы Әмиел ұлы Махырдың үйінде тұрып жатыр. Патша Махырдың үйіне кісілерін жіберіп, сол адамды қасына алдыртты.

[6] Оның есімі Мепібосет еді, ол Жонатанның ұлы, Саулдың немересі еді. Мепібосет Дәуіттің алдына келе салысымен басын жерге дейін иіп тағзым етті. Дәуіт оған тіл қатып: — Мепібосет! — деді. Ол: — Сіздің құлыңызбын, тақсыр, — деп жауап берді.

[7] Дәуіт: — Қорықпа! Әкең Жонатан үшін мен саған ұдайы мейірім көрсететін боламын. Атаң Саулдың мал-мүлкін саған қайтарамын. Сен әрдайым менің дастарқанымнан тамақ жейтін боласың, — деді.

[8] Мепібосет басын иіп: «Тақсыр ие, мен сұрауы жоқ иттің өлімтігі іспеттімін. Сіздің маған сондай мейірім көрсетуіңізге еш лайықты емеспін!» — деді.

[9] Содан Дәуіт Саулдың қызметшісі Сибаны қасына шақыртып: — Саул мен оның әулетіне тиісті мал-мүлікті иеңнің немересінің қолына тапсырдым.

[10] Сен өзің, ұлдарың және қызметшілерің оның жерін өңдеп, қожайындарыңның кірісі болсын деп өнімін жинап отырыңдар! Бірақ иелеріңнің немересі Мепібосеттің өзі тамағын менің дастарқанымнан ішіп-жейтін болады, — деп бұйырды. Сибаның он бес ұлы мен жиырма қызметшісі бар болатын.

[11] Сиба: — Уа, патша ием, алдыңыздағы пендеңізге берген бұйрығыңызды түгелдей орындаймын, — деп жауап берді. Бұдан былай Мепібосет патшаның бір ұлы іспетті Дәуіттің дастарқанынан тамақтанатын болды.

[12] Мепібосеттің Миха деген кішкентай ұлы бар еді. Сонымен Сибаның бүкіл үй іші Мепібосетке қызметші болды,

[13] ал екі аяғы майып Мепібосеттің өзі Иерусалимде тұрып, патшаның дастарқанынан тамақтанып жүрді.

Патшалықтар 2-ж — Chapters