[1] Бұдан біраз уақыт өткен соң Дәуіт ұлы Амнон Тамарға ғашық болып қалды. Тамар Дәуіт ұлы Абессаломның бірге туған қарындасы, өте сұлу қыз болатын.
[2] Амнон қарындасы Тамар үшін қиналғаны сонша, тіпті ауырып та қалды. Тамар пәк болатын, әрі Амнон ешқашан онымен бірге бола алмаймын деп түңілді.
[3] Бірақ Амнонның Жонадаб есімді өте қу досы болды, ол Дәуіттің туған ағасы Шаммахтың ұлы еді.
[4] Жонадаб Амноннан: — Не болды? Патшазадасың, неге күн өткен сайын сонша көңілсізсің? Маған айтпайсың ба? — деп сұрады. Амнон: — Мен бауырым Абессаломның қарындасы Тамарға ғашық болып қалдым, — деп жауап берді.
[5] Сонда Жонадаб оған мынадай ақыл берді: — Ауырып қалғандай төсегіңде жата бер. Әкең халіңді білуге келгенде, оған: «Қарындасым Тамар келіп, маған тамақ берсінші. Оны көз алдымда дайындасын, мен оның қолынан жеп алайын» деген өтінішіңді білдір.
[6] Сондықтан Амнон төсегінде жатып, қатты ауырғансыды. Патша оның халін білуге келгенде, Амнон одан: «Қарындасым Тамар келіп, менің көз алдымда бір-екі нан пісіріп берсінші. Оның қолынан жеп алайын», — деп өтінді.
[7] Дәуіт сарайдағы Тамарға: «Ағаң Амнонның үйіне барып, оған тамақ дайындап бер!» — деген сәлем жіберді.
[8] Содан Тамар ағасы Амнонның үйіне, оның жатқан жеріне барды. Қыз қамыр алып, иледі де, Амнонның көз алдында тәтті нан жасап пісірді.
[9] Табаны алып, нанды Амнонның алдына қойды. Бірақ ол жеуден бас тартып, қызметшілеріне: «Бәрің қасымнан кетіңдер!» — деп бұйырды.
[10] Содан Амнон Тамарға: «Тамақты ішкі бөлмеме алып баршы. Сонда мен сенің қолыңнан жейін», — деп тапсырды. Тамар пісірген тәтті нандарын алып, ағасы Амнонның ішкі бөлмесіне апарды.
[11] Бірақ қыз тамағын алдына қойып жатқанда, Амнон оны ұстап алып: — Кәне, сүйікті қарындасым, екеуіміз бірге болайық, — деді.
[12] Ол оған жалынып: — Жо-жоқ, ағатай! Маған күш көрсетпеңізші! Бұл Исраилде ешқашан істелмейтін іс! Мұндай жетесіздікті істей көрмеңіз!
[13] Мен қалайша осындай масқарамнан арылар едім? Өзіңіз де Исраилдегі ұятқа қалған ақымақ боласыз! Өтінемін, патшамен сөйлесіңізші, ол мені сізге беруден бас тарта қоймас! — деді.
[14] Бірақ Амнон Тамарды тыңдағысы келмеді. Күштірек болғандықтан, зорлықпен көндіріп, онымен жақындасты.
[15] Осыдан кейін Амнон Тамарды қатты жек көріп кетті. Оған деген жеркеніші тіпті бұрынғы ғашықтығынан да әлдеқайда басым болды. Амнон оған: — Тұр да, жоғал! — деп бұйырды.
[16] Бірақ Тамар оған: — Жо-жоқ, ағатайым! Мені қуып жіберуіңіз маған жаңағы істегеніңізден бетер жаман болар еді! — деп жауап берді. Алайда Амнон тыңдамай,
[17] өзіне қызмет ететін бір жас жігітін шақырып алып, оған: «Мына әйелді қасымнан әкет те, артынан есікті бекітіп қой!» — деп бұйырды.
[18] Қызметші Тамарды сыртқа шығарып жіберіп, артынан есікті бекітіп алды. Тамар патшаның отау құрмаған қыздары киетін етек-жеңі ұзын, сәнді көйлек киіп жүретін.
[19] Содан ол басына күл сеуіп, үстіне киіп алған ұзын көйлегінің өңірін айыра жыртты да, бетін қолдарымен жауып алып, еңіреп жылап кете берді.
[20] Тамардың туған ағасы Абессалом оған: «Ағаң Амнон сенімен бірге болды ма? Тынышталшы енді, қарындасым. Ол сенің ағайының ғой, қапаланбай-ақ қой», — деді. Сонда Тамар жалғыз қалып, ағасы Абессаломның үйінде тұратын болды.
[21] Болған оқиға туралы естіген Дәуіт патша қатты ашуланды. (Бірақ ол тұңғыш ұлы болғандықтан ерекше жақсы көрген Амнонды жазаламай қоя салды.)
[22] Абессалом да Амнонға не жақсы, не жаман бір сөз айтпады. Алайда ол туған қарындасын масқаралаған Амнонды қатты жек көріп кетті.
[23] Бұдан екі жыл өткеннен кейін Абессалом Ефремнің жанындағы Бағал-Хасорда қой қырқу мерекесін өткізетін болып, оған барлық патшазадаларды шақырды.
[24] Абессалом патшаға барып, оны: — Мендей қызметшіңізде қой қырқу науқаны өтіп жатыр. Патша тақсыр мен оның нөкерлері менімен бірге соған бармас па екен? — деп шақырды.
[25] Бірақ патша Абессаломға жауап беріп: — Жоқ, ұлым, барлығымыз бармай-ақ қояйық. Әйтпесе саған тым үлкен әурешілік болар, — деді. Абессалом патшадан қайта-қайта өтінсе де, ол бармаймын деген шешімін өзгерткен жоқ. Алайда оған батасын берді.
[26] Абессалом: — Онда інім Амнонды бізбен бірге жіберіңізші, — деп өтінгенде, патша: — Оған сенімен бірге барып не бар? — деген сауал қойды.
[27] Бірақ Абессалом қоймастан сұрай беріп, ақыры Амнонды да, басқа патшазадаларды да жіберуге патшаны көндірді.
[28] Ал Абессалом өзінің қызметшілеріне мынандай бұйрық беріп қойған болатын: — Бері қараңдар! Амнон шарапқа тойып, қызып алғанда, мен: «Амнонды шауып тастаңдар!» деп бұйырамын, сонда оны шауып өлтіріңдер! Қорықпаңдар, бұны сендерге бұйырып отырған өзіммін! Батыл да ержүрек болыңдар!
[29] Қызметшілері Абессаломның бұйрығын бұлжытпай орындап, Амнонды өлтіріп тастады. Мұны көрген өзге патшазадалар орындарынан атып тұрып, әрқайсысы қашырына мініп, қаша жөнелді.
[30] Олар әлі де жолда келе жатқанда, «Абессалом патшаның барлық ұлдарын өлтіріп тастапты, біреуі де тірі қалмапты» деген суық хабар Дәуітке жетті.
[31] Сонда патша орнынан тұрды да, қатты қайғырып көйлегінің өңірін айыра жыртып, тақыр жерге жата қалды. Оның қасында тұрған барлық нөкерлері де қатты қайғырып осылай істеді.
[32] Бірақ Дәуіттің ағасы Шаммахтың ұлы Жонадаб патшаны жұбатып былай деді: «Уа, тақсыр ием, күллі жас жігіттерді, патшаның барлық ұлдарын да, өлтірді деп ойламаңыз! Өлген жалғыз Амнон ғана. Амнон Абессаломның туған қарындасы Тамарды масқаралаған күннен бастап, Абессалом осыған ниеттеніп келген болатын.
[33] Сондықтан, уа, тақсыр ием, патшаның барлық ұлдары өлді деген хабардан жүрегіңіз қобалжымасын! Себебі өлген жалғыз Амнон ғана».
[34] Осы аралықта Абессалом қашып кетті. Күзетте тұрған жас жігіт жоғары қарағанда, ар жақтағы қыраттың жолымен келе жатқан көп адамды көрді. Күзетші тездетіп патшаға барып, оған: «Қыраттың етегіндегі Хоронаим жолымен келе жатқан көп адамды көрдім», — деп мәлімдеді.
[35] Жонадаб патшаға: «Көрдіңіз бе, патшазадалар келе жатыр! Мендей қызметшіңіздің айтқаны дәл келді», — деді.
[36] Ол сөйлеп бола салысымен, дауыс көтеріп жоқтау айтқан патшаның ұлдары кіріп келді. Патша мен оның қызметкерлері де қатты қайғыра жоқтап жылады.
[37] Осыдан бастап Дәуіт тұңғыш ұлы Амнонды ұдайы жоқтаумен болды. Ал Абессалом Гешур патшасы Амихуд ұлы Талмайға қашып барды.
[38] Ол сол жерде үш жыл тұрды.
[39] Амнонның қазасына қайғысы басылған соң, Дәуіт Абессаломды сағына бастады.