[1] Сүлеймен исраилдіктер Мысыр елінен көшіп шыққаннан кейін төрт жүз сексен жыл өткенде, өзінің Исраилге патшалық құрған төртінші жылының сәуір айында Жаратқан Иенің киелі үйінің құрылысына кірісті.
[2] Сүлеймен патша Жаратқан Иеге арнап салған киелі үйдің ұзындығы алпыс, ені жиырма, биіктігі отыз шынтақ болды.
[3] Киелі үйдің негізгі ғимаратының алдыңғы жағындағы бағаналы кіреберістің ені ғимараттың еніндей жиырма шынтақ болды. Бағаналы кіреберіс ғибадатханадан алға қарай он шынтақтай шығып тұрды.
[4] Сүлеймен ғимараттың қабырғаларында сыртқа қараған жағы тарлау, ішке қараған жағы кеңдеу етіп ойылып жасалған терезелерді орнатты.
[5] Сондай-ақ, ол киелі үйдің екі жағы мен арт жағын жанамалап, (үш қабатты етіп) қосалқы бөлмелер салды.
[6] Төменгі қабаттың ені бес, ортаңғы қабаттың ені алты, жоғарғы қабаттың ені жеті шынтақ болды. Осы бөлмелер ғимаратқа арқалық бөренесіз сүйеніп тұра алулары үшін ғимараттың қабырғалары әр қабат сайын кертпештеніп салынды.
[7] Ғимарат тас қазып, қашайтын орында өңделіп дайындалған тастардан салынды. Сол себепті салынып жатқан киелі үйден балға, балта сияқты темір құралдардың дыбысы естілмеді.
[8] Қосалқы бөлмелердің төменгі қабатына кіретін жер ғимараттың оңтүстік жағында болды. Сол жерде бірінші қабаттан баспалдақпен ортаңғы, одан жоғарғы қабаттарға да көтерілуге болатын.
[9] Сонымен Сүлеймен үйдің құрылысын аяқтап, оның төбесін самырсын бөренелерімен және тақтайларымен қаптады.
[10] Сол сияқты, ол бүкіл киелі үйді айналдыра үш қабатты қосалқы бөлмелер салдырды. Олар ғибадатхананың қабырғаларына самырсын бөренелерімен бекітілді.
[11] Содан соң Жаратқан Ие Сүлейменге былай деп сөзін арнады:
[12] «Өзің құрылысын салып жатқан осы үй туралы Менің айтарым мынау: Егер Менің барлық ережелерімді орындап, шешімдерім мен өситтерімді ұстанып жүретін болсаң, онда әкең Дәуітке берген уәдемді өзің арқылы жүзеге асырамын.
[13] Мен исраилдіктердің арасында тұратын боламын, әрі халқым Исраилді ешқашан тастап кетпеймін!»
[14] Осылайша Сүлеймен киелі үйді салып бітірді.
[15] Патша ғибадатхананың ішкі қабырғаларын еденнен төбесіне дейін самырсын тақтайларымен қаптап, еденді қарағай тақтайларынан жасады.
[16] Киелі орын деп аталатын ең қасиетті бөлме ғимараттың төр жағынан салынды. Бұл бөлме еденнен төбеге дейін жетіп жатқан самырсын тақтайларымен бөлініп тасталды.
[17] Осы қасиетті бөлменің алдында орналасқан қасиетті бөлменің ұзындығы қырық шынтақ болды.
[18] Самырсын тақтайларға асқабақтар мен ашылған гүлдер тәрізді өрнектер ойылып салынды. Киелі үйдің ішкі қабырғалары ешбір тасы көрінбейтіндей болып түгелдей самырсын тақтайлармен қапталды.
[19] Патша, сондай-ақ, киелі үйдің ішіндегі ең қасиетті бөлмені Жаратқан Иенің Келісім сандығын орналастыруға дайындады.
[20] Осы ішкі бөлменің ұзындығы, ені, биіктігі жиырма шынтақтан болды. Сүлеймен оны саф алтынмен қаптады. Ол самырсыннан жасалған түтету үстелін де алтынмен қаптады.
[21] Сүлеймен киелі үйдің ішін түгелдей саф алтынмен қаптады. Ол алтынмен қапталған ең қасиетті бөлменің алдыңғы жағына кесе көлденеңінен алтын шынжыр іліп қойды.
[22] Сонымен киелі үйдің ішкі жағы түгелдей алтынмен қапталды. Патша, сондай-ақ, ең қасиетті бөлменің алдындағы түтету үстелін де толықтай алтынмен қаптады.
[23] Ең қасиетті бөлмеде биіктігі он шынтақ болатын, керуб делінген күзетші періштелердің екі мүсінін зәйтүн ағашынан ойып жасады.
[24] Әр керуб мүсінінің екі қанаты, ал әр қанатының ұзындығы бес шынтақ, қос қанатының арасындағы қашықтық он шынтақ болды.
[25] Екі керубтің де өлшемдері мен сырт қалыптары бірдей еді.
[26] Әр керубтің биіктігі он шынтақтан болатын.
[27] Сүлеймен олардың екеуін де ең қасиетті бөлмеге орналастырды. Жайылған қанаттарының бір шеті бөлменің ортасында өзара түйісіп, екінші шеттері бөлменің екі жақ қабырғаларына тиіп тұрды.
[28] Сүлеймен керуб мүсіндерін алтынмен қаптатты.
[29] Киелі үйдің ішкі және сыртқы бөлмелерінің барлық қабырғаларына айналдыра керубтердің, құрма ағаштарының әрі ашылған гүлдердің бейнелері ойылып салынды.
[30] Киелі үйдің ішкі және сыртқы екі бөлмесіндегі едендер де алтынмен қапталды.
[31] Ең қасиетті бөлменің ішкі кіреберісіне зәйтүн ағашынан жарма есіктер жасалып, маңдайшасы мен жақтаулары бес қырлы етіп орнатылды.
[32] Зәйтүн ағашынан жасалған осы екі есікке керубтердің, құрма ағаштарының және ашылған гүлдердің бейнелері ойылып салынды. Есіктердегі бейнелер алтынмен қапталды.
[33] Сол сияқты патша үлкен бөлменің кіреберісіне де осылай етіп зәйтүн ағашынан төрт қырлы жақтау жасады.
[34] Ол қарағайдан екі жарма есік жасап, жақтаудың екі жағынан айналмалы топсаға іліп қойды.
[35] Есіктерге періштелер, құрма ағаштары және ашылған гүлдер ойылып салынды да, олардың үстін балғамен соғып алтынмен тегістеп қаптады.
[36] Содан соң патша үш қабат өңделген тастардан әрі бір қабат самырсын бөренелерінен ішкі ауланың дуалын қаластырып салды.
[37] Сүлейменнің патшалық құрған төртінші жылының сәуір айында Жаратқан Иенің киелі үйінің негізі қаланды.
[38] Ал он бірінші жылдың қазан айында киелі үйдің барлық бөліктері өз ерекшеліктеріне сай салынып бітті. Сонымен Сүлеймен киелі үйдің құрылысын жеті жылда аяқтады.