[1] Бұлардан кейін ізрелдік Набутай деген кісінің жүзімдігіне байланысты мына оқиға болды. Осы жүзімдік Самарияның патшасы Ахабтың Ізрел қаласындағы сарайының жанында орналасқан еді.
[2] Ахаб Набутайға: — Жүзімдігің менің сарайымның қасында екен. Оны маған бере сал, сонда көкөніс өсірейін. Ал оның орнына мен саған одан әлдеқайда артық бір жүзімдікті берейін, не болмаса құнын күміспен төлейін! — деді.
[3] Бірақ Набутай оған: — Бұл жүзімдік — ата-бабаларымнан қалған мұралық үлесім. Оны сізге сатудан Жаратқан Иенің Өзі сақтасын! — деп жауап қайтарды.
[4] Ізрелдік Набутайдың «Ата-бабаларымнан қалған мұраны сізге бермеймін!» деген жауабына Ахаб қапаланып, түнере ашуланған күйі сарайына қайтты. Сонда ол төсегіне жатып, бетін басқа жаққа бұрып, нәр татпады.
[5] Әйелі Езабел Ахабтың бөлмесіне кіріп: — Тіпті тамақтан бас тартатындай неге көңіліңіз түсіп қапаланып отырсыз? — деп сұрады.
[6] Ахаб былай деп жауап қатты: — Мен ізрелдік Набутайға: «Жүзімдігіңді маған күміске сатшы, немесе оның орнына басқа жүзімдік берейін» деп едім. Бірақ ол: «Мен сізге жүзімдігімді бермеймін!» деп бас тартты. —
[7] Сонда Езабел: — Сен енді осындай әрекетіңмен Исраилге патшалық құрасың ба?! Орныңнан тұрып, тамақ же! Ол туралы уайымдамай-ақ қой! Ізрелдік Набутайдың жүзімдігін мен-ақ қолыңа тапсырамын, — деді.
[8] Езабел Ахабтың атынан бірнеше хат жаздырды да, оларды патшаның мөрімен бекіттіріп, Набутайдың тұрып жатқан қаласының ақсақалдары мен басқа да жетекшілеріне жібертті.
[9] Сол хаттарда ол былай деп бұйырды: «Ораза тұту күнін жариялап, жиналыңдар! Сонда Набутайды төрге отырғызыңдар!
[10] Оған қарама-қарсы екі арсыз адамды отырғызып, олар Набутайды: «Сен Құдай мен патшаға қарсы қарғыс айттың!» деп айыптасын. Содан оны қаладан шығарып, таспен атқылап өлтіріңдер!»
[11] Ізрел қаласының ақсақалдары мен атақты байлары Езабелдің хатында бұйырғанын бұлжытпай орындады.
[12] Олар ораза тұту күнін жариялап, Набутайды төрге отырғызды.
[13] Екі арсыз адам да келіп, оның қарсы алдына отырды. Сол екеуі халықтың алдында: «Набутай Құдай мен патшаға қарсы қарғыс айтты!» — деп жалған куәлік келтіріп, кінә тақты. Содан халық Набутайды қаланың сыртына алып шығып, таспен атқылап өлтірді.
[14] Мұнан кейін ақсақалдар Езабелге «Набутай таспен атқыланып өлтірілді» деген хабар жіберді.
[15] Езабел оның осылай өлтірілгенін естігеннен кейін, Ахабқа: «Бар да, ізрелдік Набутайдың саған күміске сатудан бас тартқан жүзімдігін иемденіп ал. Өйткені Набутай жоқ, өліп қалыпты ғой», — деді.
[16] Ізрелдік Набутайдың өлгенін естігенде, Ахаб орнынан тұрып, оның жүзімдігін иемденіп алмақ болып сонда барды.
[17] Ал Жаратқан Ие тішбелік Ілияс пайғамбарға сөзін арнап былай деді:
[18] «Жиналып, Самарияда тұрып жатқан Исраил патшасы Ахабқа бар! Дәл қазір ол Набутайдың жүзімдігін иемденіп алу үшін сонда ылдилап барды.
[19] Оған Менің атымнан былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Кісі өлтіріп, енді оның мұралық жер үлесін тартып алмақсың ба?! Оған тағы мына сөзді айт: Набутайдың қанын жалаған орында иттер сенің де қаныңды жалайтын болады!»
[20] Ал Ахаб Ілиясқа тіл қатып: — Таптың ба мені, жауым! — деді. Сонда пайғамбар былай деп жауап қайырды: — Сізді таптым, себебі Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеуге толықтай сатылғансыз!
[21] Сол себепті Жаратқан Ие сізге мынаны айтады: «Саған жамандық жіберіп, сені түп-тамырыңмен құртамын. Ахабтың әулетіне жататын азат болсын, басыбайлы болсын, барлық еркек кіндіктілерді жоямын!
[22] Сенің әулетіңді Набат ұлы Еробоғамның әулетіндей әрі Ахиях ұлы Бағасаның әулетіндей етіп құртамын! Себебі сен Мені қаһарландырып, Исраилді күнәға батырдың».
[23] Ал Езабел туралы Жаратқан Ие мынаны айтады: «Ізрел қамалының маңында иттер Езабелдің тәнін жалмайды!
[24] Ахабтың әулетіне жататын адам қалада өлсе, оны иттер жалмайды, далада өлсе, жыртқыш кұстар шоқиды!»
[25] Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеуге соншама берілген Ахаб сияқты ешкім де бұған дейін болмады. Оның әйелі Езабел осыған түрткі салып отырды.
[26] Ахаб жалған тәңірлердің мүсіндеріне табынып өте жеркенішті қылық жасап жүрді. Осылай ол Жаратқан Ие баяғыда исраилдіктердің алдынан қуып жіберген аморлықтардың зұлым істеріне еліктеді.
[27] Ахаб патша (Жаратқан Иенің пайғамбар арқылы жеткізген) осы сөздерін естігенде, көйлегінің өңірін айыра жыртып, жалаңаш тәніне азалы киім киіп, тамақ татпады. Ол тіпті азалы киімімен ұйықтап, қатты қайғырып жүрді.
[28] Сонда Жаратқан Ие тішбелік Ілиясқа сөзін арнап былай деді:
[29] «Ахабтың кішіпейіл болып мойынсұнғанын көрдің бе? Ол өзін алдымда кішірейтіп қайғыланғаны үшін, Мен жіберейін деп отырған пәлені Ахабтың көзі тірісінде емес, ұлының заманында ғана оның әулетінің бастарына түсіремін».