[1] Кейінірек Бабыл патшасы Набуходоносор Иерусалимге келіп, Жохақым ұлы Ехонияхтың орнына Жосия ұлы Седекияхты Яһуда елінің патшасы етіп тағайындады.
[2] Алайда Седекияхтың өзі де, нөкерлері де, елде қалған халық та Жаратқан Иенің Еремия пайғамбар арқылы айтқан сөздеріне құлақ аспады.
[3] Сонда да Седекиях патша (басына күн туғанда) Еремия пайғамбарға Шелемиях ұлы Ехухал мен діни қызметкер Мағасиях ұлы Софония екеуін жіберіп: «Біз үшін Құдайымыз Жаратқан Иеге сиынып арашалық дұға ете көріңіз!» — деп өтінді.
[4] Сол уақытта Еремия әлі де қамауға алынбай, халықтың арасында еркін тұрып жатқан болатын.
[5] Осы кезде халдейлердің әскері Иерусалимді қоршап алған еді. Алайда Мысыр перғауынының әскерінің өз елінен шығып, Яһудаға қарай аттанғанын ести сала халдейлер Иерусалимді уақытша қалдырып кетті.
[6] Сонда Жаратқан Ие Еремия пайғамбарға сөзін арнап былай деді:
[7] «Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: өздеріңді Менен кеңес сұрауға жіберіп отырған Яһуда патшасына былай деңдер: Перғауынның сендерге көмекке шыққан жасағы көп ұзамай өз елі Мысырға қайта оралады.
[8] Сонда халдейлер қайтып келіп, қалаға тағы да шабуыл жасайды. Олар қаланы қолға түсіріп, қиратып, өртеп жібереді. —
[9] Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: — Сендер: «Халдейлер бізден біржола шегініп кетті» деп алданбаңдар! Олар біржола кеткен жоқ!
[10] Себебі сендер тіпті өздеріңе қарсы соғысқан бүкіл халдей әскерін қиратып, олардың шатырларында тек азғантай жарақаттанған адамдары қалған болса да, бәрібір олар сендерге шабуыл жасап, қаланы өртеп жіберетін болады!
[11] Перғауын жасағының Мысырдан аттанып келгендігінен халдей әскері Иерусалимге жасап отырған шабуылын тоқтатқан осы кезде,
[12] Еремия Бунямин жеріне жолға шықпақ болды. Ондағы мақсаты сол жердегі өз әулетінің арасынан бір мұралық жердің өзіне тиісті үлесін қабылдау еді.
[13] Бірақ ол Иерусалимнің Бунямин қақпасынан шыға бергенде күзетшілердің бастығы Еремия пайғамбарды ұстап алып, оны: — Сен халдейлерге өтпекші болған сатқынсың! — деп айыптады. Бастықтың аты-жөні Шелемияхтың ұлы, Хананияхтың немересі Ириях еді.
[14] Еремия: — Жоқ, бұл жала! Мен халдейлердің жағына өтпек болған жоқпын! — деп келіспеді. Сонда да Ириях оны тыңдамай, тұтқындап, уәзірлердің алдына алып барды.
[15] Уәзірлер Еремияға ашуланып, оны ұрып-соғып, Жонатан хатшының үйіне қамап қойды. Олар бұл үйді түрмеге айналдырған болатын.
[16] Еремия үйдің астындағы бір қапасқа тасталып, сол зынданда көп күн отырды.
[17] Кейін Седекиях патша адам жіберіп, пайғамбарды өзінің алдына әкелдірді. Өз сарайында онымен құпия жүздесіп: — Жаратқан Иенің бізге арнаған сөзі бар ма? — деп сұрады. Еремия оған: — Иә, бар. Сіз Бабыл патшасының қолына түсесіз! — деп,
[18] Седекиях патшаға мынаны да қоса айтты: — Мені түрмеге қамайтындай не сіздің өзіңізге, не нөкерлеріңізге, не халқыңызға қарсы қандай жамандық істедім?
[19] «Бабыл патшасы өзіңізге және осы елге шабуыл жасамайды!» деп болжаған пайғамбарларыңыз енді қайда?
[20] Ал, патша ием, сөзіме құлақ асып, мені Жонатан хатшының үйіне қайтара көрмеңіз! Әйтпесе мен сол зынданда өліп қалармын!
[21] Седекиях патша Еремияны сақшылардың ауласында қамауды және қаладағы нан біткенше наубайшылар көшесінен күніне бір наннан беріп тұруды бұйырды. Осылай Еремия сақшылардың ауласында қамауда ұсталды.