Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 1:06

[1] Ешуа қайтыс болғаннан кейін исраилдіктер Жаратқан Иеден: — Қанахандықтарға қарсы қайсымыздың бірінші болып өрлеп барып, шабуыл жасағанымызды қалайсың? — деп сұрады.

[2] Жаратқан Ие: — Яһуда руы өрлеп барсын! Мен елді оның қолына тапсырып отырмын, — деп жауап берді.

[3] Яһуда ағайынды Шимон руына: — Үлесімізге тиген жерге бірге өрлеп барып, қанахандықтармен бірігіп соғысайық. Сонда біз де сендермен бірге үлестеріңе тиген жерге барамыз, — деп ұсынды. Шимондықтар мұнымен келісіп, яһудилермен бірге аттанды.

[4] Яһудилер өрлеп барғанда, Жаратқан Ие қанахандықтар мен перездіктерді олардың қолына тапсырды. Олар Безек қаласының маңында жаудың он мың адамына шабуыл жасап, күйрете соққы берді.

[5] Безекте олар Адони-Безек есімді патшаға тап болып, онымен шайқасты. Сонда қанахандықтар мен перездіктер ойсырай жеңілді.

[6] Адони-Безек қашып кетті, бірақ яһудилер оны қуып жетіп, қолға түсіріп, оның қол-аяғындағы бас бармақтары мен үлкен бақайларын кесіп тастады.

[7] Адони-Безек: «Аяқ-қолдарының бас бармақтары мен үлкен бақайларын өзім кестірген жетпіс патша дастарқанымның астынан тамағымның қиқымын теріп жеп күндерін көретін еді. Енді Құдай істегендерімнің есесін өзіме қайтарып отыр», — деп мойындады. Кейін яһудилер Адони-Безекті Иерусалимге алып барып, ол сол қалада қайтыс болды.

[8] Себебі яһуданың жасақшылары Иерусалим қаласына да шабуыл жасап, оны басып алды. Оның тұрғындарын семсердің жүзімен қырып-жойып, қаланың өзін өртеп жіберді.

[9] Бұдан кейін яһудилер қыратты аймақты, оңтүстіктегі Негеб атты иен даланы және батыстағы төменгі қыраттарды мекендейтін қанахандықтармен соғысуға аттанды.

[10] Олар Хебронда тұратын қанахандықтармен де шайқасып, Шешай, Ахиман және Талмайды жеңді. Хебронның бұрынғы аты Кирият-Арба болатын.

[11] Сол жақтан олар Дебир қаласының тұрғындарына қарсы аттанды. Дебир бұрынырақ Кирият-Сефер деп аталатын.

[12] Халеп: «Кирият-Сеферге шабуыл жасап, оны басып алған адамға мен өз қызым Ахсаны қосамын», — деп уәде етті.

[13] Халептің інісі Кеназдың ұлы Отниел қаланы басып алды. Содан Халеп Отниелге қызы Ахсаны қосты.

[14] Оған ұзатылар кезінде Ахса (Отниелді қайын) атасынан егістік жер сұрап алуға көндірді. Мұнан кейін Ахса келіп, есегінен түсіп жатқанда, Халеп одан: — Ал сенің қандай бұйымтайың бар? — деп сұрады.

[15] Ахса: — Маған бір айрықша жақсылық жасай көріңізші, әкетайым. Оңтүстіктегі сусыз даланы сыйлап отырсыз. Енді оған қоса су көздерін де берсеңіз екен, — деп жауап берді. Сонда Халеп Ахсаға Жоғарғы және Төменгі деп аталатын су көздерін атады.

[16] Яһуда руы және Мұсаның кендік қайын атасының ұрпақтары «Құрма ағаштарының қаласы» Иерихоннан шығып, Арад қаласының оңтүстігінде жатқан Яһуданың елсіз даласына көшті де, сондағы халықтың арасына қоныстанды.

[17] Яһудилер ағайындары шимондықтармен бірге аттанып, Сефаттағы қанахандықтарға шабуыл жасап, қаланы толығымен жойылуға бағыштады. Мұнан кейін қаланың аты Хорма (демек, Бағышталған) деп аталып кетті.

[18] Яһудилер Газа, Ашқалон, Әкрон қалаларын да төңірегіндегі жерлерімен қоса басып алды.

[19] Жаратқан Ие Яһуда руына жар болып, олар елдің таулы аймағын да иемденді. Бірақ олар темір соғыс күймелері бар алқаптардың тұрғындарын қуып шыға алмады.

[20] Мұса айтып кеткендей, Хеброн қаласы Халепке берілді. Ол сол қаладан Анақтың үш алып ұрпағын қуып шықты.

[21] Бунямин руы Иерусалим қаласын мекендеген ебустіктерді қуып шығармады. Ебустіктер осы күнге дейін Иерусалим қаласында буняминдіктермен бірге тұрып келеді.

[22] Жүсіптің (Ефрем, Манаса есімді екі ұлынан тараған) ұрпақтары Бетелге қарсы аттанып өрлеп барғанда, Жаратқан Ие оларға жар болды.

[23] Бұрын Бетел Лұз деп аталатын. Олар Бетел қаласын барлауға адамдарын жіберді.

[24] Барлаушылар қаладан шығып келе жатқан бір адамды кездестіріп, оған: «Бізге қалаға кіретін жолды көрсете көрші, кейін біз саған мейірім көрсетеміз», — деді.

[25] Әлгі кісі оларға жолды көрсетті. Жүсіптің ұрпақтары қалаға кіріп, оның бүкіл халқын семсердің жүзімен қырып тастады. Ал жол көрсеткен адамды және оның бүкіл отбасын аман-есен жібере салды.

[26] Сол адам хеттіктердің еліне барып, сол жерде қала салып, оны Лұз деп атады. Қала күні бүгінге дейін осылай аталып келеді.

[27] Бірақ Манаса руы Бет-Шан, Тағанах, Дор, Ибелам, Мегидо қалалары мен оларға қарасты елді мекендердің тұрғындарын қуып шығармай, қанахандықтар сол аймақта тұра беруге бел байлады.

[28] Исраил халқы кейін күшейген кездерінде қанахандықтарды басыбайлы қызметші етіп жұмыс істетіп қойды, бірақ оларды толықтай қуып шыққан жоқ.

[29] Сол сияқты Ефрем руы да Гәзерде тұрып жатқан қанахандықтарды қуып шығармай, қанахандықтар Гәзерде олардың арасында тұра берді.

[30] Забулон руы да Қитрон мен Нахалолдың тұрғындарын қуып шығармады. Қанахандықтар олардың арасында тұра берді, бірақ басыбайлы қызметші болып оларға жұмыс істеді.

[31] Ашир руы Акко, Сидон, Ахлап, Ахзиб, Хелба, Әфек және Рехоб атты қалалардың тұрғындарын қуып шығарған жоқ.

[32] Қайта, аширліктер осы аймақты мекендеген қанахандықтардың арасында тұрды.

[33] Нафталим руы Бет-Шәміш пен Бет-Анаттың тұрғындарын қуып шығармай, өздері сол жерді мекендеген қанахандықтардың арасында тұрды. Бірақ Бет-Шәміш пен Бет-Анаттың тұрғындары Нафталим руына басыбайлы қызметші болып жұмыс істеді.

[34] Аморлықтар Дан руын таулы аймаққа тықсырып тастап, алқаптарға түсулеріне жол бермеді.

[35] Аморлықтардың өздері Херес тауы, Аялон, Шағалбим атты қалаларда тұра беруге бел байлады. Бірақ Жүсіптің ұрпақтары кейін күшейген кездерінде оларды басыбайлы қызметші етіп жұмыс істетіп қойды.

[36] Аморлықтардың шекарасы Шаяндар асуынан басталып, Селаға дейін және одан әрі қарай кете берді.

Билер — Chapters