Естер 5
[1] Үшінші күні Естер патшалық киімін киіп, патша сарайының ішкі ауласына, патша отыратын кең бөлменің алдына келіп тұрды. Патша сондағы өз тағында, кіреберіске қарама-қарсы төрде отырған еді. Аулада тұрған Естер патшайымды көре салысымен, патша оның келгеніне риза болып,
[2] қолындағы алтын асатаяғын оған қарай созды. Естер патшаға жақындап келді де, асатаяқтың ұшына қолын тигізді.
[3] Патша оған тіл қатып былай деді: — Саған не керек, Естер патшайым? Қандай өтінішің бар? Патшалықтың жартысы болса да, саған беріледі! —
[4] Естер: — Егер патша ағзам мақұл көрсе, бүгін Хаманды ертіп өзіне арналып дайындалған қонақасына келсе екен, — деп жауап берді.
[5] Патша: — Естердің өтінішін орындау үшін, Хаманды дереу осында жеткізіңдер! — деп бұйырды. Содан патша мен Хаман Естердің дайындаған қонақасына барды.
[6] Олар шарап ішіп отырғанда, патша Естерге сауал қойып: — Тілегің қандай? Ол орындалады. Қандай өтінішің бар? Патшалықтың жартысы болса да, саған беріледі! — деді.
[7] Естер былай деп жауап берді: — Менің тілегім мен өтінішім мынау:
[8] Егер маған патша ағзамның мейірімі түсіп, тілегімді беріп, өтінішімді орындауды мақұл көрсе, патшам Хаманды ертіп мен ертең оларға дайындайтын қонақасына келсе екен. Патша ағзамның қойған сұрағына жауабымды сонда беремін.
[9] Хаман сол күні қонақасынан мәз болып, көтеріңкі көңілмен шықты. Алайда патша сарайының қақпасында Мардохайдың не орнынан тұрып құрмет көрсетпегенін, не қорқыныш та танытпағанын байқағанда, Хаманды қаһар кернеді.
[10] Әйтсе де Хаман өзін-өзі ұстап, үйіне барды. Сонда достары мен әйелі Зерешті шақырып алып,
[11] оларға өзінің байлығының қандай ауқымды әрі ұлдарының сонша көп екенін айтып бөсті. Хаман, сондай-ақ, өзінің дәрежесін өсірген патшаның бүкіл әрекеттерін де, өзін басқа әміршілер мен қызметкерлерден қалай жоғарылатқанын да атап мақтанды.
[12] Мұнан кейін Хаман: — Тіпті Естер патшайым да өзі дайындаған қонақасына патшамен бірге жалғыз мені шақырды. Ертеңгі қонақасына да ол патшамен бірге тек мені ғана шақырды!
[13] Алайда мен яһуди Мардохайдың сарай қақпасының маңында отырғанын әлі де көргенде, соның бәріне көңілім толмайды, — деп жүрек сырын ақтарды.
[14] Әйелі Зереш пен барлық достары Хаманға: — Онда биіктігі елу шынтақ дар ағашын құрғызыңыз. Таңертең патшадан Мардохайды дарға асуды сұраңыз. Содан соң қуана патшамен бірге тойға бара бересіз, — деп ұсынды. Бұл ұсыныс Хаманға ұнап, ол дар ағашын дайындатқызып қойды.